Қазақстанда алимент бойынша берешек 18 миллиард теңгеге жеткен

1 511

Фото:© Stan.kzМәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов алимент қорын құруды ұсынып, заңдағы олқылықтарды жою керегін айтты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Магеррам Магеррамовтың айтуынша, алимент қарызы ресми түрде 18 миллиард теңге болғанымен, толық есептегенде бұл сома екі есеге дейін артуы ықтимал.(Видео)

“Уәкілетті органдардың дерегіне сәйкес, алиментке қатысты атқарушылық құжаттар бойынша жалпы берешек көлемі 18 миллиард теңгеге жеткен. Бұл қаржы мүлде төлемейтін немесе 3 айдан астам уақыт төлемегендерге қатысты көрсеткіш. Алайда нақты қарыз көлемін түсіну үшін айына бір рет немесе екі айда бір рет төлейтіндерді, тиесілі сомадан әлдеқайда аз төлейтіндерді де есепке алу қажет. Мұндай жағдайда жалпы берешек көлемі кемінде екі есе артуы мүмкін”,- дейді депутат. 

Депутат осыншама қарыздың артында қолдауға мұқтаж балалар тағдыры тұрғанын айтты.

“Алиментке мұқтаждардың үлесі небәрі 4% деп көрсетіледі. Бұл аз көрінгенімен, шын мәнінде бұл — 300 мыңнан астам бала. Балалар пайдасына алимент өндіріп алу мәселесі бүгінде жүйелі әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Ол қоғамның ең осал санаттарына  әйелдер мен балаларға тікелей әсер етеді”, – деді депутат.

“Әсіресе, олардың ішінде мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар аз емес. Мұндай отбасылар баланың күнделікті қажеттілігінен бөлек, күтім мен оңалтуға да қосымша шығын шығарады. Неліктен әйелдер сот шешімімен бекітілген алиментті өндіру үшін түрлі мекемелердің табалдырығын тоздыруға мәжбүр? Неліктен ерекше қамқорлықты қажет ететіндер іс жүзінде қолдаусыз қалып отыр? Мұндай жағдайда әйелді бұл мәселеде жалғыз қалдыру, оларды әлеуметтік тығырыққа тіреу және психологиялық күйзеліске ұшырату деген сөз”, – дейді депутат. 

Депутат мемлекеттік алимент қорын құруды ұсынды. Сонымен қатар алимент төлеуден жалтаруға мүмкіндік беретін заңнамалық олқылықтарды жою керегін ескертті. 

“Үкіметтің бұл мәселеге қатысты ұстанымы түсініксіз. Алимент қорын құруға қарсы негізгі уәж “тәуелділік көңіл-күйін қалыптастыру қаупі”. Алайда Үкіметтің бұл мәселені түбегейлі шеше алмауы керісінше жауапсыздықтың күшеюіне алып келді. Қарыз көлемі соның дәлелі. Мұнда тәуелділіктен емес, керісінше балалар алдындағы жауапкершіліктің төмендеуінен қауіптену керек”, – деді депутат. 

 Егер ата-ана өз міндетін орындамаса, онда мемлекет баланың құқығы мен заңды мүдделерін қорғауға міндетті деді.