Есірткі саудасымен айналысқан мұғалімдер мектепте сабақ беріп келген

223
Түркістан облысының мектептерінде есірткі саудасымен айналысып, сотты болған мұғалімдер сабақ беріп келген, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті превенция басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Әсілбек мәлім етті.

Талдау барысында Арыс қаласы мен Шардара, Сауран аудандарында жұмыс істейтін мұғалімдерде соттылықтың болуы немесе болмауы зерттелді. Нәтижесінде аталған аудандарда 8 443 мұғалімнің 90-ы қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Шардара ауданында – 43, Сауран ауданында – 32, Арыс ауданында 15 факт тіркелген. Оның ішінде есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу және ұрлық, пара беру/алу, қарақшылық және тағы басқа да қылмыс түрлерін жасағандар бар - деді ол.

Сондай-ақ, агенттік өкілі облыста 300 -ден астам мұғалімнің дипломы талапқа сай еместігін айтты. 

Ұстаздардың жоғары білім туралы дипломдарының дұрыстығын анықтау мақсатында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Онда жұмыс тобы Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданындағы 97 білім беру мекемесінің 3477 педагогінің тізімін жолдады, - деді Сәбит Әсілбек.

Нәтижесінде бүгінгі күні 128 мұғалімнің дипломдарының шынайылығы расталмаған. Сондай-ақ сұрау салынған 30-дан астам жоғары оқу орнының тек 15-і ғана жауап берген. Қалғандарынан жауап күтіліп отыр.

Шет ел дипломдары бар 432 мұғалімнің де дипломдарына тексеру жүргізілген. Онда да біршама заң бұзушылықтар анықталыпты.

Білім туралы құжаттарды тану (нострификация) мақсатында білім беру мекемелері қызметкерлерінің жоғары білімі туралы шетелдік дипломдарға Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Білім саласындағы сапаны бақылау комитетіне хат жолданды. Комитеттің жауап хатына сәйкес 432 мұғалімнің 196-ның Білім туралы құжаттары расталмағаны анықталды. Бұл факт заң талаптарын бұзумен қатар жалған диплом ретінде қабылданады, - дейді Сәбит Әсілбек.