Түрікменстан президенті Тоқаевқа ахалтеке арғымағы мен түрікмен тазысын сыйлады

469

Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа асыл тұқымды ахалтеке арғымағы мен түрікмен тазысының күшігін сыйға тартты- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты. 

"Ашхабадтағы жылқы кешенін аралап көру барысында Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа асыл тұқымды ахалтеке арғымағын сыйлады. Бұдан бөлек еліміздің басшысына түрікмен тазысының күшігін сыйға тартты", - деп жазды Берік Уәли. 

Түрікмен телеарнасының хабарлауынша, вице-премьер ахалтеке жылқы шаруашылығы халықаралық қауымдастығының президенті және "Түрікмен алабайлары" халықаралық қауымдастығының президенті Сердар Бердімұхамедов Қазақстан басшысына Говхер (Алмаз) атты түрікмен тазысын сыйға тартты.

Тоқаев Қазақстан халқына құрмет көрсеткені және керемет сыйлықтары үшін алғыс айтты. Қазақстан басшысы Түрікменстан президентінің күш-жігерінің арқасында дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастар екі мемлекет пен халықтардың мүдделеріне сай келетінін атап өтті.