ХҚКО қызметкері тұрғындарды шамамен 200 млн теңгеге сан соқтырған

1 169

Фото: Владимир ТретьяковШымкентте Халыққа қызмет көрсету орталығында бас маман қызметін атқарып жүріп, бірнеше жәбірленушілерге қатысты алаяқтық жасаған азаматқа қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында ХҚКО бұрынғы қызметкеріне қатысты қылмыстық іс аяқталған.

 "Сотталушы 2022 жылы жәбірленушіге 20,0800 га жер учаскесін оның атына жекешелендіріп беру, әрі қарай, тестілеу орталығын ашып, бірге жұмыс жасау, одан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар бойынша пәтерді арзан бағаға алып беру үшін, алдап аса ірі мөлшерде жалпы  113 000 000 теңгені алаяқтық жолымен жымқырған. Қалған 14 көрініс бойынша көрсетілген тәсілмен 14 жәбірленушілерден мемлекеттік бағдарламалар бойынша пәтер алып беретінін айтып алдап, бірнеше рет аса iрi мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырумен алаяқтық жасап, жалпы 71 356 000 теңге материалдық зиян келтірген",- делінген хабарламада.


Сот мәліметінше, сотталушының кінәсі өз жауаптары, жәбірленушілердің жауаптары, заттай дәлелдемелер, алу хаттамалары, беттестіру хаттамалары және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығы арқылы толық дәлелдеген. Прокурор сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, ал жәбірленушілер сотталушыға заңға сай, қатаң жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы тағылған айыпты ішінара мойындап, Қылмыстық кодекстің 74-бабының негіздерін қолдануды сұрады. 

"Сот сотталушы кінәсін ішінара мойындағанын, шын ниетпен өкінбегенін, 14 жәбірленушілердің аса ірі мөлшердегі талаптары жалпы 179 000 000 теңгеден асатын залал соммасы өндірілмегенін және жәбірленушілердің кешірім бермегенін, заңмен көзделеген бас бостандығынан айыру, қатаң жаза тағайындау пікірлерін ескерді. Сот А-ға 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады", - делінген хабарламада.

 Жасөспірім балаларына қамқоршы мен қорғаншы тағайындау мәселесін шешу, соттың қосымша шығарылған қаулысымен, тұрғылықты мекенжайы бойынша қорғаншылық пен қамқоршылық жұмысын дамыту бөліміне жүктелу тапсырылған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.