ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ҚОЛДАНЫЛҒАН СУ ҮНЕМДЕУ ТӘЖІРИБЕСІН БАСҚА ӨҢІРЛЕРГЕ ТАРАТУ ТАПСЫРЫЛДЫ
Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Қызылорда облысында қолданылған су үнемдеу тәжірибесін басқа өңірлерге тарату туралы тапсырма берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл әсіресе, вегетация кезеңінде су тапшылығы қатты сезілетін оңтүстік өңірлерге қатысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев су шаруашылығындағы мәселелерге орай нақты міндеттерді айқындады.
Облыс әкімі су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілген жобаларды іске асыруда Су ресурстары және ирригация министрлігімен нақты жұмыс жасауды, Ислам Даму банкінің қаржыландыруымен жүргізілетін «Қараөзек» су қоймасы құрылысын 2025 жылы бастау жұмыстарын үйлестіруді жүктеді.
Егістікке су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізіп, қыстағы мол суды Арал теңізі мен көлдер жүйесіне жіберу, шабындықтар мен жайылымдарды суландыру, 2025 жылдың вегетациялық кезеңіне дейін каналдарды тазалау, жөндеу керек.
Жиында Шардарадан жіберілетін судың тиісті көлемін алуды, қауіпсіз өткізуді ұйымдастыру міндеттелді. Сондай-ақ, аймақ басшысы «Қызылорда су торабындағы» жөндеу жұмыстарын осы жылдың 10 қарашасына дейін аяқтауды тапсырды.