Кітапханаға кітап сыйлады
Ақын, Сырдария аудандық мәслихаттың депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы өзінің жеке кітап қорындағы тарихи-танымдық кітаптарды аудандық орталықтандырылған кітапханаға тарту етті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Атап айтқанда, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын орда», Хамит Ерғалиевтің «Шер толғау», Назымбек Дүкенбаевтың «Арқаның сырлы саздары», Бекен Әбдіразақовтың «Өмір мен көңіл», Шамсия Қалжанованың «Қалжан ахун», Зекебай Солтанбайұлының «Көпеев дастаны», С.Тайманова, Л.Сапартаева, Ж.Тұрымбетовтардың авторлығымен жарыққа шыққан «Киелі өнер иесі – Шәмшат», Мұхтар Сақтаповтың «Көңіл шуағы», Жүзбай Таңрықбаевтың «Сұлушаш» және Жұмабек Аққұловтың «Жұртымнан жүрмін жыр жинап...» және тағы басқа кітаптарды кітапханаға өткізді. Енді бұл кітаптар кітапханаға келуші оқырмандарға ұсынылатын болады.
Өз кезегінде кітапхана директоры А.Қонысбаев пен ұжым қызметкерлері жеке кітап қорындағы тарихи-танымдық кітаптарды аудандық орталықтандырылған кітапханаға тарту еткен ақын, аудандық мәслихаттың депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлына ризашылығын білдіріп, жұмысына шығармашылық сәттілік тіледі.