ҚАЗАЛЫЛЫҚТАР МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Ақорда» резиденциясының алдында Республика күніне арналған Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсімі өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ұлттық мереке ретінде қайта жаңғырған Республика күнін ел көлемінде атап өту осындай салтанатты шарамен басталуда.
Мемлекеттік ту көтеру рәсімі еліміздің барлық өңірлерінде де жалғасуда. Азаматтардың бойына ерекше патриоттық көңіл-күй сыйлайтын іс-шараға қазалылықтар да белсене атсалысты.
Мерекелік іс-шараға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбетпен зиялы қауым өкілдері және құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйым өкілдері белсенді жастар қатысты.
Әйтеке би кентіндегі Рәміздер алаңында өткен шараға 600-дан аса тұрғын келді.
Ұлттық мерекеге арналған жиында Мемлекеттік ту салтанатты түрде көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды. Мұнан соң аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, жиылғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлық мереке – Республика күніне арналған Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты. Іс-шара «Ақорда» резиденциясының алдында өтті.
Құрмет қарауылының бастығы Президентке рапорт берді. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен Мемлекеттік ту көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды.
Баршаға белгілі, Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінде еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған бұл күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауы деп баға берген болатын.
Ұлттық мерекені Республика бойынша ресми түрде атап өту осы салтанатты шарадан басталды. Сонымен қатар Қазақстанның барлық өңірінде Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтеді.