Бір топ ер адам қызды зорлап, есірткі қолдануға мәжбүрлеген

1 432

Фото: depositphotos.comАқтауда бір топ ер адам қызды көлікке күштеп отырғызып, мефедрон беріп, зорлап, несие алғызған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Осы оқиғадан кейін фитнес жаттықтырушысы болып жұмыс істеген қыз өзіне қол салған. Ал оның қазасына кінәлілер жазадан жеңіл құтылуы мүмкін. 

НеМолчи қоғамдық қорының мәліметінше, Ақтаулық БАҚ қайғылы оқиғаны "қыз жоғары қабаттан құлап қайтыс болды" деп хабарлаған. Ал полиция суицидке итермелеу бабы бойынша істі тергеп жатқанын айтты. Дегенмен мереке қарсаңында НеМолчи қоғамдық қорына марқұм қыздың ағасы хабарласып, көмек сұраған. 

"Құжаттарды ұзақ зерттедік. Марқұм тұрмысқа шықпаған, спортшы және фитнес жаттықтырушысы. Жұмыстан кейін үйіне жаяу, жалғыз қайтып жүрген. 14 мамыр күні түнде көшеде жалғыз келе жатқан қызды көрген 5 ер адам оны ұрып-соғып, көлікке күштеп отырғызған. Күдікті Сейтқалиев Нұргелді қайда екенін білмеуі үшін қыздың көзін байлап, азаптап, қорқытып, жанармай құю бекетінде ұстаған. Сосын көлікте зорлап, мефедрон қабылдауға мәжбүрлеген. Сондай-ақ марқұмды "жалаңаш ер адам артқы жағына банка тығып жатқан" видеоны соңына дейін көруге мәжбүрлеген. Көрмесең ұрып-соғамын деп қорқытқан. Зорлаушы 1991 жылғы, үйленген, бала тәрбиелеп отырған адам", – делінген қор хабарламасында. 

НеМолчи қоғамдық қорының мәліметінше, тағы бір күдікті Аманқос Еркебұлан таңертең марқұмды Kaspi Bank арқылы 2 миллион теңге несие алуға мәжбүрлеген. Сосын олар бұл ақшаны базардағы танысынан қолма-қол қаржыға ауыстырған.

“Аманқос Еркебұлан 1996 жылғы. Басты ұйымдастырушы әрі зорлаушы. Ол қызды көліктен түсірген соң, егер біреуге айтсаң, тауып алып өлтіремін деп қорқытқан. Бұдан бөлек тағы үш күдікті бар. Олар: Аралбай Мерей 1996 жылғы, Құлбас Дархан 2003 жылғы және Үсенғалиев Жалғас 2001 жылғы", – делінген қор хабарламасында.

Қор мәліметінше, сол қорқынышты түннен кейін қыз болған жағдайды түгелдей құрбысына баяндаған. Құрбысы бірден қыздың ағасына телефон соққан екен.

“Содан кейін ағасы сотталушылар қарындасын азаптаған жерді іздеп, маршрутын жасаған. Сосын қыз сипаттаған жанармай құю бекетін және қылмыскерлердің бірін тапқан. Ағасы қарындасына хабарласып, арыз жазу керегін, соңына дейін жетіп, бәрін жазалайтынын жеткізген. Ол тергеу және сот кезінде қыздың жанында болуға уәде берген. Қыз келіскендей болған. Бірақ бірнеше минуттан кейін ол құрбысының көзінше терезеден секіріп кеткен. Қыз дінге берік, намаз оқитын, спортпен шұғылданатын, дұрыс тамақтанып, жақсы ақша тапқан. Ата-анасын, бауырларын жақсы көрген”, – делінген хабарламада.