Амангелді Айталы: "Босқындарды қабылдаңдар" деп ешқандай халықаралық ұйым бізге айта алмайды

480
Әлемді алаңдатқан Ауғанстан астанасы Кабулдағы жағдай Қазақстанға қауіп төндіре ме? Елімізде экстремистік деп танылған "Талибан" қозғалысына қатысты белгілі саясаткер Амангелді Айталы пікір білдірді , деп хабарлайды Kaz.Nur.kz

"Ауғанстанда көптеген террористік, соның ішінде Сириядағы ИГИЛ "Ислам мемлекеті" секілді басқа да экстремистік топтар бар. Олар сөз жоқ әртүрлі жолдармен Орта Азия мемлекеттеріне, Қазақстанға кіруге тырысады. Біз теледидардан көріп жүргендей бастарына шалма орап, сақалмен келмейді. Олар интелегентті киіммен келеді", – дейді Амангелді Айталы. 

Оның сөзінше, мұндай жағдайға біздің әскер дайын, себебі радикалдық діни қозғалыстармен елдегі күрес биыл ғана басталмаған. 

"Біз бұл қауіппен күні бүгін ғана күресіп жүрген жоқпыз. Бұрын да талай экстремистер Ауғанстан арқылы Тәжікстан, Өзбекстан шекарасынан өтіп, біздің елімізге келген. Талай адамдар ұсталған. Оны біз білеміз. Сондықтан бұл жағдайға біздің әскеріміз дайын", - саясаткер. 
Ал босқындарға келсек, бұрынғы депутаттың айтуынша, ешқандай халықаралық ұйым Қазақстанға босқындарды қабылдау туралы айта алмайды. Себебі елімізде босқындарды қабылдау туралы заң жоқ.

 "Біз ол заңды қабылдаған жоқпыз. Сондықтан "босқындарды қабылдаңдар" деп ешқандай халықаралық ұйым бізге айта алмайды. Тек "Босқындар" туралы заң қабылдаған елдер қабылдайды", – дейді Амангелді Айталы. 

Қазақстанның Ауғанстанмен ортақ шекарасы болмаса да идеологиялық шабуыл ел халқын алаңдатады. 

"Бұл елдің ішкі жағдайы қиын. Мәселе сонда. Біріншіден, бұл елде үш үлкен ұлттық топ бар: негізгі халық саналатын пуштундар, хазарлар (өзбектер), тәжіктер. Бұлардың басы қосылып, бір мемлекет болады деу қиын", – дейді ол.