Қармақшы әкімі Жандос Еркінбек ауданның 6 айында атқарылған жұмыстардың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне брифинг берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қармақшы ауданында елді мекендерді газдандыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында аудан әкімі Жандос Еркінбек мәлімдеді.
- Қазіргі таңда Дүр Оңғар ауылына газ тарту жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында 86,9 шақырым газ құбыры жүргізіліп, 3 газ реттегіш шкафты пункт орнатылады. Сонымен қатар, Иіркөл және Төребай би ауылдарына газ желілерін тарту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Бүгінде аудан халқының 78 пайызы табиғи газды тұтынып отыр. Жобалар толық іске асқанда бұл көрсеткіш еселене түспек, - деді Жандос Еркінбекұлы.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында заманауи құрал-жабдықтар алынып, қызмет көрсету деңгейі артты. Байқоңыр қалалық көпбейінді ауруханасы жаңа медициналық құрылғылармен жабдықталды. Атап айтқанда, ауруханаға 10 науқас мониторы, 10 дефибриллятор, 2 анестетикалық тыныс алу аппараты, 2 көпфункциялы төсек және 5 жедел жәрдем көлігі беріліп, қаңтар айында пайдалануға енгізілді.
Желтоқсанда аурухана КТ (компьютерлік томография) және маммография аппаратымен толықты.
Төретам емханасына флюорография, 2 КТГ, отоакустикалық аппарат, лор-комбайн орнатылып, 2025 жылдан бастап қызмет көрсете бастады.
Тағыда айтып өткен мәселе 2025 жылы Қармақшы ауданы үшін спорт саласында табысты жыл болды. Аудан спортшылары республикалық, азиялық және әлемдік деңгейдегі жарыстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізді.
Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарында жерлестеріміз 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль иеленсе, Азия чемпионатынан 3 алтын, Әлем чемпионатынан 1 қола медаль олжалап, ауданның абыройын асқақтатты.
Ауыр атлетикадан Ерасыл Сәулебеков Перуде өткен Әлем чемпионатында қола медаль, ал Астанада өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Алыш күресінен Назерке Әбілтаева Үндістанда өткен Азия чемпионатында классикалық және еркін стильде екі бірдей І орынды иеленді.
Айта кету керек, инфрақұрылым бойынша да ауқымды істер атқарылуда. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бірнеше спорт кешендері пайдалануға беріліп, жаңа нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ақай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып, Қ.Мүсіркегенов көшесіндегі спорт кешеніне күрделі жөндеу басталды.
Ұлттық спортты қолдау мақсатында Ақтөбе ауылында 80 млн теңге көлемінде демеушілік қаржыға ипподром құрылысы қолға алынды.