Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту – инфрақұрылымдық дамудың басты мақсаты

2 266

Фото: Сырдария Ауданының ӘкімдігіСырдария ауданында тұрғындардың күнделікті тіршілігіне қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік-экономикалық әлеуетті арттыру бағытында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл ретте, автокөлік жолдарын жөндеу мен қайта жаңғырту жұмыстары негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Аудан аумағында жалпы ұзындығы 263,3 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары бар. Оның 44 шақырымы – республикалық, 111,6 шақырымы – облыстық, ал 107,7 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар. Қазіргі уақытта аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 99 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, бұл аудан аумағындағы көлік қозғалысы мен жүк тасымалдаудың сапасын айтарлықтай жақсартып отыр.

Сонымен қатар, ауданға қарасты кенттер мен ауылдық округтердегі көше жолдарының жалпы ұзындығы 238,3 шақырымды құрайды. Бұл 227 көше жолын қамтиды, оның ішінде:

198,6 км – асфальт жабындысы бар,

20 км – қиыршық тасты жолдар,

19,7 км – топырақты жолдар.

Қазіргі таңда ішкі көше жолдарының 82 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Бұл көрсеткіш жол сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.

2025 жылдың есепті кезеңінде аудан бойынша жол саласына қатысты 5 жобаға 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, маңызды жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде, аудандық маңызы бар «Қызылорда-Аэропорт-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автомобиль жолының қалған 10,2 шақырымы күрделі жөндеуден өтіп, бүгінгі таңда бұл жолдың барлығы – 46 шақырымы толықтай жаңғыртылды.

Жол жөндеу жұмыстары тек ірі магистральдармен шектелмей, елді мекендер ішіндегі көшелерді де қамтуда. Биылғы жылы Шіркейлі, Шаған және С.Сейфуллин ауылдарында 7 көше күрделі жөндеуден өткізілуде. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, жол-көлік қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен бөлінген 77 миллион теңге қаржыға Тереңөзек кенті, Жетікөл, Аманкелді және Іңкәрдария ауылдарында 14 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл – қазіргі таңда асфальттау жұмыстарына толық мүмкіндік болмаған жағдайда тұрғындар үшін ыңғайлы, уақытша болса да тиімді шешімдердің бірі.

Жол инфрақұрылымын дамыту – ауданның экономикалық қарқынын арттыруға ғана емес, әлеуметтік әл-ауқатты жақсартуға да тікелей ықпал ететін маңызды сала. Сондықтан алдағы уақытта аудандық әкімдік тарапынан көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасын табатын болады.