Жуырда Қызылорда облысында ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады

2 154

Фото: gov.kzСанаулы күндерден кейін еліміз үшін маңызды кезеңдердің бірі – 2025 жылы өтетін Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бұл – ауыл шаруашылығының даму бағытын айқындайтын, мемлекеттің аграрлық саясатында шешуші рөл атқаратын аса маңызды іс-шара. Мұндай ауқымды санақ елімізде алғаш рет 2006-2007 жылдары өткізілді. Оның қорытындысы бойынша Үкімет тарапынан аграрлық саланы қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар қабылданып, нәтижесінде айтарлықтай серпіліс байқалды.

Бүгінде, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметі «2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу туралы» қаулы қабылдап, бірер күннен кейін 1 тамыздан бастап санақ жүргізіледі.

Санақтың негізгі мақсаты – елдегі ауыл шаруашылығы саласының нақты жағдайын жан-жақты саралап, алдағы даму стратегиясын әзірлеуге деректер ұсыну.

Санақ барысында ауыл шаруашылығы құрылымдарының өндірістік қуаты, техникалық жарақтануы, жұмыс күшінің құрамы, пайдаланылатын жер көлемі, мал саны, өнім көлемі сияқты көптеген маңызды мәлімет жиналады. Бұл деректер еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы нақты ахуалды бағалап, қысқа және ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жоспарлау үшін қажет.

Санақ қорытындысы Қазақстан Республикасы Үкіметі мемлекеттің одан әрі стратегиялық даму жоспарларын әзірлеуде, бюджетті жоспарлауда кеңінен пайдаланады. Сонымен қатар, аграрлық саясатты қалыптастыруда, қаражатты тиімді бағыттауда, мемлекеттік қолдау тетіктерін әзірлеуде, оның ішінде субсидиялау, төмен пайызды несие беру, лизингке техника мен құрал-жабдықтар беру сияқты шешімдерге тікелей әсер етеді.

Сондай-ақ аграрлық саланы цифрландыру, жер пайдалану тиімділігі, өндіріс көлемін арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді басым бағыттарда нақты жоспар құруға мүмкіндік береді.

Санақ жұмыстарының сәтті өтуі – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл жұмысқа тек ауыл шаруашылығы құрылымдары ғана емес, сондай-ақ барлық деңгейдегі әкімдіктер, сала мамандары мен қарапайым азаматтар белсенді қатысуы қажет.

Қызылорда облысы – ауыл шаруашылығына бейімделген өңір. Бізде күріш егісі, мал шаруашылығы, бақша өнімдері кең өріс алған. Осы саладағы нақты деректер болашақта өңірлік жобаларды тиімді жоспарлауға сеп болмақ.

Жиналатын мәліметтер ішкі нарықты толық қамту үшін қандай көлемде өнім өндіру қажеттігін, қанша ферма немесе кәсіпорындар ашу қажет екенін дәл анықтауға көмектеседі.

Бұл санақ – жай ғана есеп-қисап шарасы емес. Бұл – болашағымызды, ауылдың келешегін айқындайтын маңызды қадам. Сондықтан әрбір ауыл шаруашылығы құрылымы, әрбір басшы мен маман санаққа үлкен жауапкершілікпен қарап, толық әрі нақты ақпарат беруге міндетті.

Бірлесе жұмыс атқара отырып, біз ауыл шаруашылығының даму қарқынын күшейтіп, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға өз үлесімізді қоса аламыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барша азаматтарды санаққа қатысып, үлес қосуға шақырамын.