Медициналық сапа мен салауатты өмір салты – басты назарда
Сырдария ауданында тұрғындардың денсаулығын сақтау мен медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ауқымды іс-шаралар жүзеге асуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жергілікті емдеу мекемелері мен сала мамандары профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, халықпен тығыз байланыс орнатуға күш салып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар елімізде басталған республикалық байқаулармен және халықаралық деңгейдегі айтулы күндермен ұштасып отыр.
Үздік емхана анықталады
1 тамыздан бастап еліміздің барлық өңірлерінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар арасында «Үздік емхана» байқауы басталды. Ауқымды шараны Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өңірлік филиалдары ұйымдастыруда. Байқау 30 қарашаға дейін жалғасады. Жеңімпаздар 2025 жылдың желтоқсан айында анықталады.
Аталған байқау келесі критерийлер бойынша бағаланады:
- МӘМС жүйесінде сақтандырылған тұрғындар санын арттыру;
- Шағымдар санын азайту;
- Азаматтар арасында сауалнама жүргізу;
- Жоспарлы бақылаудағы науқастардың жедел ауруханаға түсу көрсеткішін төмендету;
- Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының белсенділігі.
Бұл байқау медициналық ұйымдар мен халық арасындағы байланысты нығайтып, сапалы медициналық қызмет көрсетуге ынталандыратыны анық.
Ана сүтінің маңызы – басты назарда
1–7 тамыз аралығында елімізде Ана сүтімен қоректендіру апталығы өтті. Осыған орай, Сырдария аудандық ауруханасында бірқатар іс-шара ұйымдастырылып, Жастар денсаулығы орталығының мамандары жас аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мамандар ана сүтінің баланың алғашқы 6 айындағы денсаулыққа тигізетін пайдасы мен оны дұрыс емізудің тәсілдерін кеңінен түсіндірді.
Туберкулездің алдын алу – күн тәртібінде
Аудандық аурухана жанынан құрылған мобильді топ Іңкәрдария ауылдық емдеу мекемесінде арнайы мониторинг жүргізді. Топ құрамында аудандық фтизиатр-дәрігер Ләззат Ибраимова және фтизиопедиатр Анар Ибраймова болды. Мониторинг барысында туберкулездің алдын алу және оны бақылау бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сай жұмыстардың орындалу барысы тексерілді.
Сала мамандары қадағалап ем беру кабинеттерінің жұмысын, құрал-жабдықтардың сақталу жағдайын саралап, келешекке нақты тапсырмалар мен ұсыныстарын берді.
Жастар денсаулығы – басты құндылық
12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай аудандық емхана базасында «Ашық есік күні» өтті. Іс-шараға аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Айгүл Ахметова, дәрігерлер мен емхана мамандары қатысты. Жастар скринингтік тексеруден өтіп, саламатты өмір салтын сақтау туралы жан-жақты кеңес алды.
– Жастардың денсаулығы – ұлт болашағының кепілі. Бұл апталық аясында түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылып, скрининг пен кеңестер арқылы жастарды денсаулығына жауапкершілікпен қарауға баулудамыз, – деді Айгүл Ахметова.
Конго-Қырым қанды қызбасының алдын алу жұмыстары жүргізілді
Сырдария аудандық ауруханасында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын алдын алу бағытында түсіндірме іс-шарасы өткізілді. Оған аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Данияр Балтабаев қатысып, қауіпті індеттің алдын алу шаралары, дер кезінде диагностика жасау мен жұқпалы аурулармен күрестің маңызы жөнінде ақпарат берді.
Іс-шара барысында медицина қызметкерлері арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, қауіпті дертке қатысты ақпараттық базаны кеңейтуге басымдық берілді.
Ауданда атқарылып жатқан осы және өзге де медициналық-профилактикалық шаралар өңір тұрғындарының денсаулығын жақсартуға, аурудың алдын алуға және медициналық мәдениетті арттыруға бағытталған. Бұл бастамалар – дені сау қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бір парасы.







