57 853 теңге: ең төменгі зейнетақыға күн көру мүмкін емес - депутат
"AMANAT" фракциясының мүшесі Әділ Жұбанов зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіру қажет екенін айтты,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мәжілісмен премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында зейнеткерлерге лайықты әрі жақсы зейнетақы төлеу қажет екендігін мәлімдеді.
“Елдердегі зейнетақы мөлшері негізінде сол елдің экономикалық даму деңгейін, демографиялық жағдайды және әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясатты анықтауға болады. Қарапайым халықтың әл-ауқаты қаншалықты жақсарып жатқаны мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерінің артуынан байқалады,- деді депутат өз баяндамасында.
Депутат атап өткендей, Қазақстанда 30 жыл ішінде әлеуметтік сала бойынша шешімін таппаған ең басты мәселе – халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігі. Оның айтуынша, еліміз бай болса да, әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтылған халық саны жыл сайын артып отыр.
“Шын мәнінде, 30 жылда ең төменгі жалақы мен зейнетақыны місе тұтып келеміз. Бұл халықтың қарызға кіріп, несиенің құрығына түсуге итермелейді. Мемлекет белгілеген ең төменгі зейнетақы мөлшерi – 57 853 теңгеге өмір сүру мүмкін емес. Өздеріңіз көріп отырғандай, Қазақстанға зейнетақы жүйесін қайта жаңғырту керек. Бұл ретте ең аз зейнетақы алатын зейнеткерлердің зейнетақысын көбейтудің маңызы зор. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіру қажет. Зейнетақы жүйесіндегі тиімді өзгерістер – зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайының, өмір сүру сапасының азда болса артуының бірден-бір көрсеткіші. Біздің елде зейнеткердің ең төменгі зейнетақысы дәрі-дәрмек пен дұрыс демалуды айтпағанда, тамағына әрең жетеді”, – деді Әділ Жұбанов.
Депутат, биыл ең төменгі жалақы 70 мың теңгеге көтерілсе, келесі жылы 85 мың теңгеге дейін жеткізу міндеті қойылғанын еске алды. Ең төменгі жалақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейін ескере отырып бекітілетінін атап өтті. Мәжілісмен, зейнетақының ең төменгі мөлшерлемесін ең төменгі жалақымен теңестіру – Үкімет алдындағы кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі болуы қажет деп есептейді.
“Себебі, мемлекет азаматтардың ең төменгі жалақы деңгейінен төмен емес зейнетақы алуына кепілдік беруі қажет. Әлемнің кейбір елдерінде адамның зейнетақысы белгіленген ең төменгі мөлшерден төмен болса, онда мұндай зейнеткерге әлеуметтік үстемеақы төлеу тәжірибесі бар. Ең төменгі зейнетақыны алатын кім деген сұрақ туындайды? Ол, еңбеқ өтілімі жоқ, зейнетақы қорына ақшасы салынбаған адам. Ондай адамдар көбіне ауылдық жердің тұрғындары. Ауыл тұрғынында еңбек өтілімі қайдан болады, егер сол кездегі мемлекет басшысы жасап тұрған совхоздар мен колхоздарды күшпен таратып, енді біз етті Бразилия, Аргентинадан аламыз десе?”- деді ол.
Депутат халықтың осындай жағдайға тап болғанына билікті кінәлады. Сөз соңында мәжілісмен жаңа зейнетақы реформасын жасақтап, ең төменгі зейнетақыны мөлшерлемесін ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестіруді ұсынды.