Тұрғындармен тұрақты байланыс: Мәслихат депутаттары азаматтарды жеке қабылдады
Бүгін «AMANAT» партиясының аудандық филиалы жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде кезекті жеке қабылдаулар өтті. Аталған іс-шара аясында аудан тұрғындары өздерін толғандырған әлеуметтік мәселелер бойынша халық қалаулыларымен тікелей кездесу мүмкіндігіне ие болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қабылдауды аудандық мәслихат депутаттары, партия фракциясының мүшелері Райымбек Бөлебаев пен Нұркен Ботабаев жүргізді. Олар азаматтардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдап, заң аясында нақты жауаптар мен бағыт-бағдар ұсынды.
Әлеуметтік көмек пен тұрғын үй мәселелері – басты назарда
Райымбек Болатбекұлына келген азаматтардың басым бөлігі тұрғын үй кезегіне тіркелу, баспана алу және жаңа оқу жылына дайындық секілді мәселелерді көтерді. Депутат тұрғын үйге қатысты өтініштер бойынша заңнама талаптарын түсіндіріп, пәтерлер тек белгіленген санаттар мен кезек тәртібімен берілетінін атап өтті.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар балаларға оқу құралдары мен мектеп формасына көмек көрсету мәселесі де күн тәртібінен түспеді. Бұл бағытта депутат әлеуметтік жағынан әлсіз отбасыларға қолдау көрсету мақсатында тиісті салалық мекемелермен бірлесіп жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
Жұмыспен қамту және кеңес беру – Нұркен Ботабаевтың қабылдауында
Өз кезегінде, Нұркен Ботабаевтың қабылдауына келген азаматтар да әлеуметтік сипаттағы түрлі мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, тұрақты жұмысқа орналасу, жәрдемақы алу жолдары, сондай-ақ жаңа оқу жылына дайындыққа байланысты материалдық көмек көрсету сұралды.
Депутат жұмыспен қамту бойынша мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен түсіндіріп, қажетті бағыттар бойынша нақты кеңес берді. Сонымен қатар, әрбір өтініш иесінің жағдайы жеке қарастырылып, тиісті орган өкілдерімен бірлесіп шешу жолдары қарастырылатыны айтылды.
Қоғамдық қабылдаулар – ашық диалог алаңы
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдаулары – халық пен билік арасындағы тікелей диалогтың тиімді алаңы. Бұл бастама арқылы азаматтар өз сұрақтарын тез әрі ашық түрде жеткізе алады, ал депутаттар жергілікті мәселелерді назарда ұстап, нақты шешу жолдарын қарастырады.
Мұндай қабылдаулар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың мәселелері жүйелі түрде шешімін табуға мүмкіндік бермек.
Тағы да оқыңыздар







