Қызылорда облысында эпизоотиялық ахуал тұрақты сақталуда

2 253

Өңірлік коммуникациялар қызметініҚызылорда облысында ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу және эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Басқарма басшысының айтуынша, 2023 жылы өңірге 6 973,5 мың доза, ал 2024 жылы 7 468,5 мың доза ветеринариялық препарат бөлініп, жоспарлы түрде қолданылған. Биылғы жылы аса қауіпті 13 түрлі жұқпалы ауруға қарсы күрес мақсатында 6 277,9 мың доза ветеринариялық препарат республикалық бюджет есебінен қарастырылған. Бүгінгі таңда оның 72,7 пайызы облысқа жеткізіліп, барлық аудандарға таратылып, алдын-алу шаралары жоспарға сай жүзеге асырылуда.

– Аса қауіпті аурулардың алдын алу шаралары — ветеринариялық қызметтің басты бағыттарының бірі. Зерттеу мақсатында алынған қан сынамалары мен патологиялық материалдар арнайы ветеринариялық зертханаларда мұқият талдануда. Соның нәтижесінде биыл 42 бас ірі қара (МІҚ) және 28 бас уақ малдан бруцеллез дерті анықталып, ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес санитарлық сойылды, – деді Шахмардан Сұлтанбекұлы.

Сондай-ақ облыс аумағындағы сібір жарасы көмінділеріне қатысты жұмыстар да өзекті мәселе ретінде қаралуда. Бұрын нақты орны белгісіз болған 64 көміндінің 57-сі 2015-2016 жылдары нақтыланса, қалған 7 көмінді бойынша арнайы комиссия құрылып, «Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты» ЖШС-мен бірлесіп зерттеу жұмыстары жүргізілген. Анықталған деректер ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсынылып, 2024 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен көмінділер қайта қалпына келтірілді.

Биылғы жылы облыстық бюджеттен бөлінген 315,3 млн теңгеге, энзоотиялық ауруларға қарсы 799,4 мың доза ветеринариялық препараттар толықтай сатып алынып, жоспар бойынша егілуде.

Қосымша шара ретінде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Жыл басынан бері 330 мың бас жануар бірдейлендіріліп, деректері республикалық ақпараттық жүйеге енгізілді. 2025 жылдың 1 тамызына дейін аталған жүйеде 1 560,2 мың бас ауыл шаруашылығы жануары тіркелген.

– Қазіргі таңда облыс көлемінде аса қауіпті аурулар тіркелмей, эпизоотиялық жағдай тұрақты сақталуда. Бұл – ветеринариялық қызметтің жүйелі жұмысының және профилактикалық шаралардың нәтижесі. Алдағы уақытта да жануарлар мен адамға ортақ жұқпалы аурулардың алдын алу бағытындағы шаралар жалғасын табады, – деді басқарма басшысы.

Эпизоотиялық тұрақтылық – жануарлар арасында жұқпалы аурулардың таралмауын қамтамасыз ететін ветеринариялық-санитариялық жағдай. Бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін, халық денсаулығын және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты.