Жамбыл облысы меркі ауданының делегациясы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді
Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген Жамбыл облысы Меркі ауданының делегациясы аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесті. Басқосуға облыстық деңгейдегі жауапты сала басшылары мен делегация мүшелері қатысты. Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм, инфрақұрылым және өндіріс салаларындағы өзара әріптестікті дамыту мүмкіндіктерін талқылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен бөлісіп, ынтымақтастықты тереңдетуге толықтай дайын екенін жеткізді.
– 17-19 шілде күндері Жамбыл облысы әкімінің орынбасарлары бастаған делегация облысымызға келіп, жүргізіліп жатқан жұмыстармен жан-жақты танысты. Бүгінгі кездесу – сол байланыстардың заңды жалғасы. Біз үшін ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, кәсіпкерлік пен туризм салаларында өзара тәжірибе алмасу – маңызды. Дақыл егу, ет өнімдерін өңдеу бағытында да бірлесіп жұмыс істеуге мол мүмкіндік бар, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сондай-ақ облыс әкімі Сыр өңірінің даму қарқынына тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары Қызылорда облысының әлеуметтік және экономикалық әлеуеті айтарлықтай артып отыр.
– Қасиетті Сыр өңірі – «Алаштың анасы» атанған мекен. Бүгінде бұл аймақ Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында дамудың жаңа белесіне көтерілді. Мысалы, 2022 жылы облыс бюджеті 364 млрд теңге болса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 823 млрд теңгеден асты. Яғни, 226 пайыз өсім бар. Бұл – тек сандар емес, аймақтың өзекті мәселелерін шешуге, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты мүмкіндік. Биылдың өзінде 96 жоба бойынша құрылыс жұмыстарына 166,8 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 8 есе көп, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің айтуынша, құрылыс көлемі бойынша Қызылорда өңірі бүгінде республика көлемінде алдыңғы қатарда келеді. Бұл – өңірде тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, инженерлік инфрақұрылымдар белсенді салынып жатқанын көрсетеді.
Ынтымақтастыққа ниет ортақ
Өз кезегінде Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов көрсетілген құрмет пен жылы қабылдауға ризашылығын білдіріп, екіжақты әріптестікті нығайтуға дайын екенін атап өтті.
– Қызылорда өңірінің даму қарқыны мен мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыру тәжірибесі – біз үшін үлгі. Бұл сапар барысында бірқатар тың идеялар мен нақты жобаларды өз ауданымызда жүзеге асыруға ниеттіміз. Алдағы уақытта бірлескен бастамаларымыз сәтті іске асады деп сенеміз, – деді Ербол Жиенқұлов.
Сапар аясында делегация Қызылорда қаласындағы жаңа әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандармен танысты. Бұған қоса, олар Сырдария ауданының Бесарық және Нағи Ілиясов ауылдарында болып, ауылдық инфрақұрылым мен аграрлық бағыттағы жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Бұл сапар екі өңір арасындағы тәжірибе алмасу, бірлескен жобаларды іске асыру және стратегиялық серіктестікті нығайту жолында маңызды қадам болды. Меркі мен Сыр арасындағы тығыз байланыс – өңірлік даму мен өзара қолдаудың жарқын үлгісі.







