13 жыл бойы қарындасын зорлап келген

1 499

Фото: istockphoto.comЖамбыл облысының соты жиен қарындасын 13 жыл бойы зорлап келген ер адамға үкім шығарды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

2025 жылдың қаңтарында Жамбыл облысында қызды нағашы ағасы 13 жыл бойы зорлап келгені туралы ақпарат тарады. Жәбірленушінің айтуынша, туыстары бәрін білгенімен, күдікті жасырып келген. Қыздың шағымын тіпті мектеп пен полиция да елемеген. 

Сот жабық режимде өтті. Жәбірленушінің мүддесін үш адвокат – Айман Омарова, Ғалымжан Жолдасбаев және Ләззат Рақышева қорғады.

“Сот барысы өте ауыр болды, 10 жыл бұрын жабылған іс болғандықтан күрделі, барлығын іздеп, қайта қарау керек болды”, – дейді Рақышева. 

Сот іс материалдарын қарап, айыпталушыны 22 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, ол жәбірленуші қызға материалдық және моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Адвокаттардың айтуынша, ер адам қылмыстық кодекстің үш бабы: “16 жасқа толмаған тұлғаны азғыру”, "кәмелетке толмаған тұлғаны зорлау" және "кәмелетке толмаған тұлғаға қатысты зорлық-зомбылықпен жыныстық сипаттағы әрекеттер жасау" баптары бойынша кінәлі деп танылды. 

“Қазір қыз өте ауыр жағдайда. Туыстарының барлығы оған қарсы шықты. Қызды "өтірік айтты" және "психикалық ауруы бар" деп айыптады. Сотқа дейін жәбірленуші дағдарыс орталығында болды, мекенжайы құпия болды, себебі туыстары оны іздеп жүрді”, – дейді Ләззат Рақышева.