Су тасқыны: инфрақұрылымды қалпына келтіруге қосымша 22,7 млрд теңге бөлінді
1 529
Үкімет басшысы Олжас Бектенов тасқын салдарын жоюға және инфрақұрылымдық нысандарды қалпына келтіруге төтенше резервтен қосымша 22,7 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қаражат Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жолдарды, сондай-ақ көпірлер мен су өткізгіш құрылымдарды қалпына келтіруге, реконструкциялауға және құрылыс жұмыстары үшін әкімдіктерге бөлінеді.
Атап айтқанда:
- Ақтөбе облысында 31 жоба іске асырылып жатыр. Олардың ішінде Ырғыз-Нұра, Ырғыз-Құттыкөл, Құмтоғай жолдарындағы су өткізгіш құбырларды, Ойыл ауылына апаратын жолды жөндеу, Ойыл өзеніндегі көпірді қайта жаңғырту, сондай-ақ Әйтеке би ауданы Әйке ауылындағы көпір өткелі құрылысы бар.
- Ақмола облысында Атбасар қаласына апаратын жол бөлігін, Атбасар-Сочинское автожолын қайта жаңарту, Жалтыр-Макинск автожолын, Қалқұтан ауылына, Жамбыл және басқа да елді мекендерге кіреберіс жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Барлығы – 14 бағыт.
- Қостанай облысында қаражат 22 бағыт бойынша жолдарды, көпірлерді және 10-ға жуық су өткізгіш құбырды жөндеуге және реконструкциялауға жұмсалады.
- Солтүстік Қазақстан облысында 10 жолды, оның ішінде Көкшетау-Омбы бағытындағы жолды жөндеу, сондай-ақ 22 шақырым су өткізгіш құбырларға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.