Ауыз сумен қамту – ауқымды мәселе

1 502

Фото: elitar.kzАлдағы уақыттарда су тапшылығы белең алады деген болжам бар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Маңызды ресурс саналатын бұл салада бүгінде көптеген түйіткүл бар. Бұған қатысты Президен өз Жолдауында:


– Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер – деген болатын.


Иә, су – тіршіліктің өзегі, өмірдің нәрі. Жаратылыстан бері тіршілік атаулығы тірек болып келе жатқан бұл нәрді адамзат ақылы толысқан сайын оны түрлі мақсаттарға пайдаланып келеді. Бірі көл суынан ризық терсе, бірі бұлақ суын күнделікті тіршілік үшін тұтынады. Алты құрлықтың асты-үстін жайлап жатқан осынау табиғи нәрдің бүгінде адамзат үшін пайдасы шаш-етектен. Қазір ауданның атын әлемге мәшһүр еткен теңізі бар. Тартылып кеткен талайлы тағдыры жанды жабырқатады демесек, бұл Аралдың арғы-бергі заманда талай пенденің тіршілігіне демеу болғанын мұқым ел жақсы біледі. Одан бөлек жағалау жұртының тұтынып отырғаны да бұлақ суы.


Алғашқы желісі Бердікөл деп аталатын су тартқысы 1985 жылы жұмыс істей бастаса, бұл жұмыс тәуелсіздік алған жылдары қайта жанданып, буырқанған бұлақ көзі Қосамандағы су тартқысы арқылы 1993 жылы іске қосылды. Бұлай дегенімізбен Арал жұртшылығы сол жылдардан бастап сапалы су тұтынды деген сөз емес. Елдің енші алып, енді ес жиып жатқан елең-алаң тұсында мұндай су тартқысы бар станциялардың жұмысы тұаралады. Халыққа уақытпен су беріп, ескірген желілердің есті шығарғанын Аралдың халқы әлі ұмытқан жоқ. Десе де уақыт өте қолда бар алтынның қадірін біліп, елде бар нәрсенің ерінге тигенін құп көрген сол кездегі билік бұл жұмыстарды шын мәнінде қолға алып, аралдықтарды сапалы сумен қамтамасыз ету қарекетіне кірісті. Бұл 2000 жылдардың басы кезі еді. Жаңа ғасырға жаңаша серпінмен аяқ басқан аралдықтар көп ұзамай 2005 жылдары Сарыбұлақтың сапалы суына қол жеткізе бастады. Оны сол кездегі мемлекет басшысы Н.Назарбаев арнайы Аралға келіп ашып, ауыз судан қажыған қамкөңіл жұрттың көңілін бір серпілткен-ді. Міне, сол жылдардан бері ауданда «Арал-Сарыбұлақ» деп аталатын топтық су құбыры мекемесі жұмыс істеп келеді. Бұл мекеме қазіргі таңда аудан аумағына тартылған су желілерінің ақаусыз жұмыс істеп, оның табиғи құнарлылығымен қоса әр шаңыраққа қажетті мөлшерде жеткізілуін қамтамасыз етіп келеді. Қазіргі таңда Сарбұлақтың сапалы суы арнайы су желілері арқылы ауданның көптеген елді мекендеріне тартылып, ауыл халқының да сапалы су тұтынуына жағдай жасап отыр.


Бүгінде аудандағы 49 елді мекеннің 38-і (78%) орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылды. 2019 жылғы 29 шілдеде ҚР Үкіметімен мақұлданған елді мекендерді 2023 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен жабдықтауды жүз пайыздық қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасына сәйкес, Арал ауданы бойынша барлық елді мекендерді ауыз су жүйесіне қосу жоспарланған. Алдағы уақытта ауданды толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету межесі көзделген. Бұлай деуімізге негізгі себеп, ел Үкіметінің 2025 жылға дейін қазақстандықтарды 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарын қолға алуы. Қалалар мен ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтуға республикалық бюджеттен қомақты қаржы 215 миллиард теңге бөлінеді. 9 су құбырын салуға және қайта жаңғыртуға 33 млрд. теңге жұмсалмақ.


Ел аумағындағы, әсіресе шалғайдағы елдімекендерді ауыз сумен қамту мәселесі күн тәртібінен түспеген. Бұл міндетті мемлекет басшысы үкіметке кезекті рет қайта тапсырды. Осы мақсатта 511 ауылға орталық су құбыры тартылады. Бұл бағыттағы жұмыстар легі ауданда да бір сәт тоқтаған емес. Қазірдің өзінде ауданға қарасты екі ауылға су тарту жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі – аудан орталығынан 50 шақырымдай алшақтықта жатқан Көктем елді мекеніне су тарту жұмыстары. Темір жол бойындағы Сапақ елді мекеніндегі су айдау станциясынан басталған қазу жұмыстары бүгінде бітуге жақын. Көктем елді мекеніне дейінгі 23 шақырымдық қашықтыққа су құбырын тартқан «Корпарация Алем-құрылыс» ЖШС мердігер мекемесі бүгінде ауыл іргесіне жақындап қалған. 30 ға жуық қызметкер, 10 жуық техниканың тынымсыз еңбегі нәтижесінде ел іргесіне жеткен ауыз су құбыры әне-міне, ауылдағы су айдау станциясына жетеді. Бүгінде ауыл ішіде салынып жатқан су айдау станциясының құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда ішкі электр жұмыстары жүргізіліп жатқан бұл ғимарат алдағы уақытта көктемдіктердің әрбір шаңырағына жоғары қысымдықтағы ауыз су жеткізуде мүлтіксіз қызмет ететін болады.


– Қазіргі уақытта мердігер мекеме тарапынан жүргізіліп жатқан қазу жұмыстары жақын күндері аяқталуға жақын. Қыс қақарына мінбей тұрып, құрылыс жұмытарын жобаласақ, ауыл ішіндегі үйді-үйге шүмек орнатып, арнайы есептегіш құрылғысын орнатату жұмыстары жүргізіледі. Ал тартылған ауыз суды толық пайдаланау мәселесіне келетін болсақ, бұл алдағы уақытта тиісті қаралатын қаржы мәселесіне байланысты. Көзделген қаржы уақытылы берілер болса біз бұл жұмыстары алдағы жылдың бірінші жарты жылдығында толық аяқтаймыз ба деген жоспарымыз бар, - дейді аудандық тұрғын-үй комуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Нұрхан.


Бұл жаңалықты естігелі Көктем ауылының тұрғындары да сапалы суды пайдаланатын күнді асыға күтіп жүр. Елге көрік берген бұл жұмыстардың басы-қасында жүрген, туған жердің жанашыр азаматтары да ауылдағы игілікті істің тез біткенін қалайды. Су келетін күнді асыға күтіп жүрген Көктем ауылының тұрғыны:


– Бұл хабарды осыдан бір жылдай бұрын естідік. Расында осы кезге дейін ауылда ауыз су мәселесі қиындық тудырып келді. Қажетті ауыз суын құдықтан тартып ішкен ауылдастар үшін бұл бейнеттің де артта қалатын күні алыс емес деп ойлаймын. Халықтың алғысына бөленген ел азаматтарының бұл жұмысты бастандыруда еңбегі ерекше деп білемін. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демей ме? Бастысы жұмыс қолға алынды. Тіпті бітуге жақын. Енді әрбір үйге шүмек орнатып, сапалы судың игілігін көрер күнді күтіп жүрміз. Бізге ауыл ауыл болғалы мұндай мүмкіндікті жасап, жарқын келешекті қалыптастыруға күш салып жатқан барша ел ағаларына алғыс білдіреміз, - дейді М.Жәкешов.


Осы жылдың бас кезінде аудан орталығанан шалғай орналасқан Құланды ауылдық округіне қарасты Ақбасты елді мекеніне ауыз су құбыры тарту жұмыстары қолға алынған болатын. Енді міне көп ұзамай өтпелі негізде жүзеге асырылатын жоба арқылы ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтылатын болады.


Қазіргі таңда мердігер «Сапа Құрылыс» мекемесі тарапынан барлығы 116 шақырым болатын құбыр желісінің 108 шақырымдайы қазылған. Қазіргі таңда бұл жұмыстарды 26 адам жұмыс күші мен 2 погрузшик, 2 эксковатор сынды маңызды техникалар атқарып жатыр. Сондай-ақ, су құбыры желісінің 34 шақырымынан су айдау стансиясы салынғалы жатыр. Мұнымен бірге ауылішілік су жүйесін жүргізу жұмыстары да аяқталуға жақын. Айталық, бүгінде ауылдағы 72 үйдің 30-на арнайы шүмек орнатылып, есептегіш құрылғылары қойылған. Бұл ауыл тұрғындары үшін таза ауыз су мәселесі жылдар бойы көтеріліп келе жатқан еді. Енді ел тұрғындарының ол тілегі де орындалар күн жақын.


А.Бисенов