Полиция басшысы қызметінен кетті
Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев орынбасары ұсталғаннан кейін қызметінен кетті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
30 тамызда ІІМ Жеке қауіпсіздік департаменті Жамбыл облысы ПД бастығының бұрынғы орынбасарын ұстаған болатын. Ол құқыққа қайшы әрекет жасады деген күдікке ілінді, бірақ нақты қандай бап бойынша тергеуге алынғаны нақтыланбаған. Экс-полиция қызметкері уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған.
Сондай-ақ ішкі істер министрінің 2025 жылғы 29 тамыздағы бұйрығымен ұсталған адам теріс себептермен қызметтен босатылғаны хабарланды.
Кейін ІІМ басшысы Ержан Сәденов жоғары лауазымды полиция қызметкерінің ұсталуына түсініктеме берді. Ол ведомстводағы сатқындармен әңгімелесу қысқа болатынын, ондай адамдармен қатаң жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.
Бұған дейін желіде Жамбыл облысында Сарысу аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Өңірлік полиция департаменті бұл фактіні растады.
Бақытжан Малыбаев 2024 жылдың қыркүйегінде Жамбыл облысы ІІД бастығы болып тағайындалды. Бұған дейін ол Көліктегі полиция департаментін басқарған.
Тағы да оқыңыздар







