ЕҢБЕК – ТҮЗЕЛУГЕ БАСТАР ЖОЛ
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінде жазасын өтеушілерді еңбекпен қамту мәселесі нәтижелі жүзеге асырылуда. Мекеме басшылығының басты мақсаты – сотталған азаматтарды еңбекке баулу арқылы олардың түзелуіне, әлеуметтік бейімделуіне, мемлекет пен жәбірленуші алдындағы қарыздарын өтеуіне мүмкіндік жасау, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бүгінгі күні аталмыш мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтар жиһаз жасау, тігін өндірісі, автокөлік жөндеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және құрылыс материалдарын шығару сынды бағыттар бойынша жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта бұл өндіріс ошақтарында сотталғандардың 100 пайызы еңбекпен қамтылған. Мұндай шаралар тек жазасын өтеушілерді пайдалы еңбекке тартумен шектелмей, сонымен қатар халыққа қажетті өнімдер мен қызметтердің қолжетімді болуына да септігін тигізуде.
Өндірістік цехтарда жұмыс істейтін сотталғандар өз еңбегінің нәтижесін көріп, материалдық тұрғыда да қолдау табуда. Мысалы, жазасын өтеуші азамат былай дейді:
– Жол-көлік оқиғасына себепкер болып, 3 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Қазіргі уақытта мекемедегі құрылыс материалдарын өндіретін цехта жұмыс істеймін. Күніне шамамен 300 дана пескоблок шығарамыз. Айлығымыз уақытылы беріледі. Тапқан табысымның бір бөлігін мемлекет алдындағы берешегімді өтеуге, қалғанын отбасымның қажетіне жіберіп отырмын. Алдағы уақытта адал еңбектің арқасында өз қателігімді түзетіп, қоғамға пайда тигізетін азамат болуға ниеттімін.
Мұндай мысалдар еңбекке тарту – түзелудің негізгі тетігі екенін дәлелдейді. ҚАЖ департаментінің басты ұстанымы да – еңбек арқылы қайта тәрбиелеу. Еңбек – тек қана табыс көзі емес, сонымен қатар адамның жауапкершілік сезімін оятатын, өмірге деген көзқарасын өзгертетін маңызды құрал.
Сотталғандардың адал еңбегі қоғамға пайдалы өнім мен қызмет ұсынумен қатар, олардың өмірге жаңа бетбұрыс жасауына, болашақта қайта қылмысқа бармауына жол ашады. Осындай оң тәжірибе – Қылмыстық-атқару жүйесінің тиімділігін арттыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.







