Жұмысқа жалған тіркеу арқылы жәрдемақы алу фактілері анықталды

1 522

Фото: inszyby.comҚазақстанда әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу мақсатында еңбек қатынастарын жалған ресімдеу деректері анықталған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Тексеріс қорытындысы бойынша еліміздің бірқатар өңірінде қылмыстық істер қозғалған.   

Схема қалай жұмыс істеген?

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) мониторинг барысында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің ережелерін айналып өтіп, табысты асыра көрсету мақсатында жасалған жалған жұмысқа орналастыру деректерін анықтаған. Бұл әлеуметтік төлемдерді алуға мүмкіндік береді.

Қор мәліметінше, мұндай схемаларға қатысқан 258 кәсіпкерлік субъектісі, сондай-ақ жалған еңбек қатынастарына тартылған 4,4 мыңнан аса азамат анықталған.

Қылмыстық істер мен үкімдер

Бүгінде еліміздің 13 өңірінде 38 қылмыстық іс қозғалған.

9 іс бойынша айыптау үкімі шыққан. Соттар Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарын қоса алғанда, түрлі өңірдегі схемаларды ұйымдастырған 12 адамды кінәлі деп таныған.

Сотталғандарға 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Цифрлық бақылау

Ведомство өкілдері әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру деректерді нақты уақыт режимінде айқас тексеруге және күмәнді операцияларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретінін атап өткен.

Қазақстандықтарға ескерту

МӘСҚ азаматтарды күмәнді делдалдар қызметіне жүгінбеуге және жоғарылатылған төлемдерді ресімдеу үшін жеке деректерін бермеуге шақырды.

Қор мұндай әрекеттер схеманы ұйымдастырушылар үшін де, төлемді алушылар үшін де жауапкершілікке әкеп соқтыратынын еске салды.