Мүгедек балаға өзінен 4 жас үлкен балалар қорлық көрсеткен
Әлеуметтік желіде тараған видеода мүмкіндігі шектеулі баланы өзінен төрт жас үлкен балалар қорлап, аяғын әдейі күйдіргені анық көрінеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Анасы ұлының аяғын қорғау үшін дәкемен орап қойғанына қарамастан, қорлаған балалар оны мазақ қылып, ауыр қылмысқа барған. Бала ауырсынуды сезбеген, себебі ол – мүмкіндігі шектеулі.
Желі қолданушылары бұл оқиғаға ашық наразылық білдірді.
Көпшіліктің айтуынша, жасөспірімдердің мұндай әрекеті – жай бұзақылық емес, нағыз қылмыс. Баланың тағдырына бейжай қарамаған тұрғындар құқық қорғау органдарынан дереу іс қозғауды талап етуде.
Қоғам белсенділері бұл оқиғаны бала құқығын өрескел бұзу деп бағалап, кінәлілерді жазасыз қалдырмауға шақырды.







