Қызылордада жыныстық құлдыққа түскен оқушының оқиғасы бойынша: "клиенттері" куә ретінде сұралып жатыр

1 682

Фото: deepart386 / Getty ImagesІшкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Қызылордада мектеп оқушысының сексуалдық құлдыққа түсуіне қатысты екі іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, ол өткен аптада қызметтік іс-сапармен Қызылорда облысында болған.

"Тергеу барысын тыңдадым. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері-  жауап алу, беттестіру шаралары  жүргізілуде. Тергеу өте мұқият әрі егжей-тегжейлі жүргізіліп жатыр. Бұл істі біз бақылауда ұстап отырмыз. Кәмелетке толмаған қыздың қызметін пайдаланған адамдарға қатысты процессуалдық шешімдер қабылданатын болады", – деді Әділов Мәжіліс кулуарында.

Оның айтуынша, әзірге тергеу нақты күдіктілерді анықтамаған. Қазіргі кезде тергеліп жатқан адамдардан куә ретінде, бірақ қорғануға құқығы бар куәгерлер ретінде жауап алынып жатыр.

2023 жылдың қыркүйек айында полиция қызды зорлаған және оның "клиенті" болған адамдарды анықтап, тексеретінін хабарлаған еді. Кейін Санжар Әділов полиция бұл іс бойынша тағы екі қылмыстық істі тергеп жатқанын мәлімдеген болатын.

2024 жылдың тамыз айының басында жәбірленушінің анасы қызының сыныптастары мен олардың туыстары қызды есірткі қабылдауға мәжбүрлеп, күшпен ұсталғанын, ақша бопсаланғанын, жезөкшелікпен айналысуға көндіріп, ұрып-cоғып қорлағанын айтқан болатын.

Қызылорда қаласының соты бұл іс бойынша бірнеше адамға үкім шығарды. Ал 2024 жылдың маусым айында облыстық сот олардың апелляциялық шағымдарын қанағаттандырмай, үкімді күшінде қалдырды. Іс бойынша тоғыз айыпталушы кәмелетке толмағанды азаптағаны, жезөкшелікке тартқаны және ақша бопсалағаны үшін кінәлі деп танылып, жазаға тартылды.