Қызылордада әлеуметтік мәселелер талқыланды: балалар қауіпсіздігі мен психологиялық қолдауға басымдық берілді
Қызылордада «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жиын Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді талқылау, балалардың қауіпсіздігі, психологиялық қолдау сапасын арттыру, суицидтің алдын алу және зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтауға арналды.
Мемлекет басшысы Жолдауына қолдау – партия міндеті
Кеңес отырысын ашқан кеңес төрағасы Райкүл Байназарова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген бастамалардың стратегиялық маңызын атап өтті:
Отырысқа облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, психологиялық қолдау орталықтарының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және кеңес мүшелері қатысты.
Басым бағыт – балалардың психологиялық қауіпсіздігі
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы суицид пен зорлық-зомбылықтың алдын алу, мектептерде психологиялық қолдауды жүйелеу болды.
Бұл бағытта баяндама жасаған облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова бірқатар маңызды деректер мен жобаларға тоқталды:
- 2024–2025 жылдар аралығында 20 000-ға жуық оқушы психологиялық қызметпен қамтылған;
- Оның ішінде 476 оқушы жеке кеңес алған;
- 4000 қыз балаға жыныстық сауаттылық, ерте жүктілік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша кездесу өткізілген;
- Суицид және буллинг оқиғаларынан кейін 40 жерде поственциялық шаралар ұйымдастырылып, оған 85 000 жасөспірім, 6 200 ата-ана, 3 400 педагог қатысқан.
Сауалнама нәтижелері: 364 оқушы – қолдау тобында
Жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу мақсатында 5–11 сынып оқушылары (96 582 оқушы) және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарындағы 16 808 студент сауалнамаға қатыстырылған.
Сауалнама нәтижесінде:
- 364 оқушы – психологиялық қолдау тобына,
- 3 541 оқушы – бақылау тобына алынды;
- 113 оқушы – психикалық денсаулық мамандарына жүгінсе,
- 55-і – ем қабылдаған.
Жүзеге асырылып жатқан жобалар
Білім беру ұйымдарының психологиялық қызмет жұмысын жетілдіру мақсатында қазіргі таңда 6 жоба жүзеге асырылуда:
- «Kiva» буллингке қарсы бағдарламасы – 6 мектепте;
- «CODO» компаниясының «АСППМ» жобасы – 62 мектепте;
- «SAVE» пилоттық жобасы – суицид пен жыныстық азғындаушылықтың алдын алу;
- «Репродуктивті денсаулық. Өмір дағдылары» – жалпы орта білім беру ұйымдарында;
- «Отбасын жоспарлау мектебі» – кәсіптік-техникалық ұйымдарда;
- Педагог-психологтарды кәсіби шыңдау бойынша оқыту жобалары.
Ұсыныстар мен қорытынды
Кеңес барысында қатысушылар:
- Мектептерде бірыңғай суицидтің алдын алу әдістемесін енгізу,
- Психологиялық қолдау орталықтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту,
- Ата-аналармен жұмыс механизмін жетілдіру сияқты ұсыныстар айтты.
Отырыстың қорытындысы бойынша кеңес хаттамасына нақты ұсыныстар енгізіліп, алдағы уақытта мониторинг жүргізу, жобаларды кеңейту, тиімді әдістерді өңір мектептеріне енгізу жоспарланды.
«AMANAT» партиясы жанындағы кеңестің бұл отырысы — отбасы, бала қауіпсіздігі және әлеуметтік қорғау мәселелерін кешенді түрде қарастыратын маңызды диалог алаңы болды. Балалар мен жастардың құқықтарын қорғау, суицид пен зорлық-зомбылықтың алдын алу — бүгінгі қоғамның өзекті мәселесі.
Мемлекет пен қоғам өкілдерінің бірлескен іс-қимылы ғана бұл бағытта нақты нәтижеге қол жеткізуге жол ашады.







