Облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының отырысы өтті
Облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Алқалы жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов арнайы қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Фракция отырысының күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Алдымен Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының және өңірлік жол картаның орындалуы, сонымен қатар әйелдердің өңірлік шешім қабылдау үдерісіне қатысуы мәселелері талқыланды.
Фракция төрағасы Жорабек Ибрагимов: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бастамаларды сапалы әрі уақтылы іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Жолдауды түсіндіру бойынша партия филиалы тарапынан арнайы іс–шаралар жоспарына сәйкес 88 бастауыш партия ұйымдарында әр түрлі форматта 3662 азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге партиялық кеңестерде Жолдаудан туындайтын мәселелер талқыланып, оны іске асыру жолдары пысықталуда.
Бұл жұмыстардың барлығы арнайы 140 іс-шарадан тұратын медиа жоспар бойынша бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялануда.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес сайлауалды бағдарламаны іске асыруға бағытталған Республикалық және өңірлік Жол карталарының орындалуы бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының бөлім басшысы Мұрат Тұрсынбаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Руслан Ибрагимов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ернат Алпысбаев баяндама жасап, кеңінен ақпарат берді.
Партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген міндеттемелердің орындалу деңгейін саралап, жергілікті және республикалық деңгейде қабылданып жатқан шешімдерді талқыға салған фракция мүшелері сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған Жол картасындағы тармақтардың мерзімінде орындалуына мониторинг жұмыстарын жалғастырып, тармақтардың орындалуын қамтамасыз ету қажеттігі жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Әйелдердің өңірлік деңгейдегі шешім қабылдау үдерісіне қатысуы бойынша партияның облыстық филиалы жанындағы Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесшісі Алтынай Молжанова хабарлама жасап, өңірдің басқару жүйесіндегі әйелдер үлесін көбейту қажеттігін жеткізді.
Фракция мүшелері әйелдердің өңірлік басқару құрылымдарында белсенділігін арттыру, гендерлік теңдікті нығайту және саяси процестерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша да ұсыныстарын ортаға салып, фракция отырысының қорытындысымен бірқатар ұсыныстар әзірледі. Оларды іске асыру үшін нақты тапсырмалар да жүктелді.







