Тағы да бір сарбаз көз жұмды: туысы оқиғаның мән-жайын айтып берді

1 445

Фото: Отбасылық мұрағаттанӘскерге барып, бір аптадан соң көз жұмған Нұрасыл Ануардың туысы жағдайды қалай болғанын және істің бұрмаланып жатқанын айтты. Марқұм соңғы сағаттарында әкесі мен бауырларына хабарласып шыққан, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Нұрасылдың туысының айтуынша, 4-нен бесіне қараған түні сарбаздың қызуы көтерілген. 

“Дәрі берген. Сағат 4:24-те жедел жәрдемше шақырту түскен. 4:47-де жедел жердем келген. Бірінші келгенінде дәрі салып кеткен. Екінші рет реанимациялық жедел жәрдем келген. Бірақ бала ол уақытта казармада қайтыс болып кеткен. Оған менингококцемия деп алдын ала диагноз қойды. Ол қайдан шыққан менингит?  Бала 27 күні кетіп, 28 күні Алматыға келді. 6 күн ішінде суық хабар келіп отыр. Денсаулығына шағымданған емес. Сап-сау бала”, – дейді Еркін.

Қазір сот-медициналық сараптама жасау үшін мәйітті сойып жатыр.

“Шекара қызметкерлері жанымда жүр. Бірақ “арыз-шағымдарыңыз бар” дейтін бір адам жоқ. Сот-медициналық сараптама аяқтала салысымен денені береді. Бүгін сағат 16:00-ге әскери ұшақ дайындап қойды. Қызылордаға ұшамыз. Ертең жаназасын шығарымыз деп отырмыз”, – дейді сарбаздың туысы.

Жақындары бірде бір органнан “арыз-шағымыңыз бар ма” деп сұраған адам болмады деп наразы. 

“Бір адам жазаға тартылуы керек. Бұл жағдай 5 қазан күні таң ата болған жағдай. Ағасы, әпкесі және әкесі бар. 4 күні кешке ағасына “мына жер маған болмайды екен, ауыр екен” деп айтыпты. Ағасы денсаулығын сұрағанда ешқандай шағымы жоғын айтқан. Бұл сөздерді әпкесі мен әкесіне де айтқан. Қоштасқандай болып, бәрімен хабарласып шыққан. Бұлар баланы өлтіріп алып тұр. Менингит деген соң казарманы түгелдей карантинге жауып тастаған. Ешкіммен тілдесіп, сөйлесе алмадық”, – дейді марқұмның жақыны.

Нұрасылдың туыстары іс бұрмаланып жатыр деп санайды.