Ақтөбеде ғимарат құлады: қабырғасы сынған әйел ауруханаға жатқызылды

341
"Даму" қорының Ақтөбе филиалындағы ғимаратында шатыр мен екінші қабат құлады. "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" филиалының қызметкері қатты зардап шекті. Оның жағдайы ауыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың айтуынша, қазіргі уақытта 1988 жылы туған М. есімді зардап шегуші ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.

"Оның бірнеше қабырғасы сынған, жабық ми жарақаты бар. Дәрігерлер оны қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр", - деп түсіндірді Рүстем Исаев.

ТЖД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, кеше 19 сағат 25 минутта екінші қабат пен шатырдың құлағаны туралы хабарлама түскен. Төтенше жағдай орнына құтқарушылар дереу жетті. Қоқыс астынан 5 адам шығарылды.

"Шатыр мен қабырғаның құлау себебін мамандар анықтайды. Істің барлық материалы полицияға тапсырылды", - дейді Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Гүлжанат Нағиметова. Сондай-ақ, ПД баспасөз қызметі өкілі ҚР ҚК 156-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Құлағаннан кейін ғимарат аумағын біздің қызметкерлер қоршап алды, оқиға орнына алдын ала тексеру жүргізілді, нәтижесінде 156-бап, 2-бөлім бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов.