Есірткі тасымалдаумен айналысқан студент 15 жылға сотталды
Қарағанды қаласында есірткі заттарының заңсыз айналымы мен контрабандаcына қатысты іс бойынша үкім шығарылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қылмыстық істің мән-жайын Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді. Тергеуді Қарағанды облысы бойынша департамент Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен жүргізген.
Ведомство мәліметінше, колледж студенттерінің бірі есірткі тарату арқылы табыс табуға болатынын білген. СосынTelegram мессенджері арқылы белгісіз куратормен”жасырма-курьер” және “қойма” функцияларын атқару жөнінде келісім жасаған. Ол берілген координаталар бойынша есірткіні алу, сақтау, бөліп орау, тасымалдау және қала аумағында жасырын орындарға қалдыру сынды міндеттер атқарған. Осылайша күніне шамамен 30 жасырма жасырған.
Сонымен қатар, ол Таиландтан Қазақстанға есірткіні халықаралық пошта арқылы жөнелтуді ұйымдастырған. Ол үшін Telegram арқылы 400 мың теңге сыйақы уәде етіп, кәмелетке толмаған “дропперді” тартқан. Сосын жеткізуді соның атына рәсімдеген. Сәлемдемені алған сәтте күдікті ұсталып, 909 грамм каннабис экстракты тәркіленген. Үйін тінту барысында қосымша 80 грамм есірткі заты табылған.
Сондай-ақ ұялы телефонды тексеру кезінде оның бір күн бұрын бірнеше “жасырма” қалдырғаны анықталған. Көрсетілген координаталар бойынша тағы 3,34 грамм каннабис экстракты алынған.
Сот айыпталушыны 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.







