"Нұрай" есімін жамылған ер адам, жігіттен 4 миллион теңге алдап алған
Астанада интернет арқылы алаяқтық жасаған 20 жастағы тұрғынға үкім шықты. Ол танысуға арналған Tinder қосымшасына "Нұрай" деген атпен тіркеліп, өзінің Telegram-аккаунтына сілтеме қалдырған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Алаяқ Telegram-да бейтаныс қыздың фотосын қойып, жалған парақша ашқан. Содан кейін жәбірленушімен тілдесіп, кездесуге уәде беріп, әртүрлі сылтаулармен одан ақша сұрай бастаған.
Қаскөйдің арам пиғылынан бейхабар жәбірленуші үш айға жетпейтін уақыт ішінде 4 миллион теңгеден астам қаржысын аударған.
Мамандар виртуалды "таныстардың" арбауына түспеуге және сақ болуға шақырды.







