Мас күйінде көлік айдаған 1 500-ден астам жүргізуші ұсталды
Батыс Қазақстан облысында өткен жылы 1 260 жол-көлік оқиғасы болды. Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрбол Меңдіхановтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, бұл алдыңғы жылғыдан (1 196) 5 пайыз артық, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Нұрбол Исатайұлының сөзіне қарағанда, осы жол апаттары салдарынан жарақат алғандар саны 13 пайызға (1 760-тан 1 980-ге дейін) өсті.
Оның айтуынша, жол қозғалысы ережелерін бұзу көрсеткіші де 2 пайыз (251 638-ден 256 230-ға дейін) артты. Мас күйінде көлік айдаған 1 546 жүргізуші ұсталды.
Апаттылық деңгейі мен тәулік уақытына байланысты қозғалыс қарқындылығын ескере отырып, 20 «Кибер-Шериф» мобильді кешені күн сайын қайта орналастырылып жатыр. Оған қоса 2025 жылы жаңадан 10 мобильді жүйе сатып алынды, оның ішінде 5 «Ekin Patrol» және жасырын бақылау жүргізу үшін 5 «X Spotter» кешені бар, олардың біреуі қалалық қоғамдық көлік бағытына орнатылған (барлығы — 125 автоматтандырылған фотофиксация жүйесі).
Департамент мәліметіне қарағанда, қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылы жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны 21 пайызға азайды (103-тен 81-ге дейін), оның ішінде балалар өлімі 38 пайыз төмендеді (13-тен 8-ге дейін). Биылғы жыл басынан бері облыс аумағында 60 жол-көлік оқиғасы (өткен жылы осы мерзімде — 64) тіркеліп, салдарынан 4 адам қаза тауып, 100 адам түрлі жарақат алды.







