Салмағы 730 грамм болатын сәби дүниеге келді
Алматының №2 қалалық перинаталдық орталығында дәрігерлер жүктіліктің 27-ші аптасында дүниеге келген шала туған қыз баланы аман алып қалған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері айтқан.
Болашақ ана амниотикалық сұйықтықтың мерзімінен бұрын ағуына байланысты орталыққа шұғыл түрде жеткізілген. Ультрадыбыстық зерттеу нәтижесінде мамандар іштегі нәрестенің өміріне қауіп төніп тұрғанын анықтап, шұғыл ота жасау туралы шешім қабылдаған.
Кесарь тілігі орталық директоры Светлана Рахимова бастаған дәрігерлер тобының қатысуымен жүргізілген. Соның нәтижесінде салмағы небәрі 730 грамм болатын қыз бала дүниеге келген.
Нәресте өмірінің алғашқы сәтінен бастап жаңа туған балалардың жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде болған. 28 күн бойы дәрігерлер мен медбикелер оның жағдайы үшін тәулік бойы күрескен.
Жағдайы тұрақтанған соң сәби күтімнің екінші кезеңіне — жаңа туған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылған. Отбасы орталықта 56 күн болған. Осы уақыт ішінде баланың салмағы екі еседен астам артып, 1 800 граммға жеткен.







