Бір топ ит 52 жастағы әйелді талап тастай жаздаған
Желіде бір топ иттің әйелге шабуыл жасаған сәтінің кадрлары тараған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға 17- ші ақпанда Алматы облысындағы Қарасай ауданына қарасты Ұмтыл ауылдық округінде болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бір үйдің ауласында иттер үйірі 52 жастағы әйелге тап берген. Жәбірленуші көптеген жарақат алған. Оған медициналық көмек көрсетілген.
Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелген.
Сондай ақ оқиғаның мән-жайы анықталып, процессуалдық тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция иттердің иесі ретінде 60 жастағы күдіктіні анықтаған. Мәліметке сәйкес, жәбірленушінің көршісі өз үйінің аумағында 20-25 ит ұстаған. Ер адам Қарасай аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалған. Полицияның деректеріне сүйенсек, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке де тартылған.
Жануарларды аулаумен айналысатын мердігер ұйым – ЖК “Абдыкалов”. Бүгінде оқиға болған мекенжайда қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жүргізіліп жатыр.







