25 мамыр күні сырдариялық түлектерге арнап соңғы қоңырау соғылады
Жақында ҚР Оқу-ағарту министрлігі биылғы оқу жылы 25 мамыр күні аяқталатынын мәлімдеген болатын, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Жалпы республика бойынша 11 сыныпты 186 мың оқушы аяқтайды деп күтілуде. 25 мамыр күні осынша түлек үшін Соңғы қоңырау соғылады. 2023-2024 оқу жылын сырдариялық 8193 оқушы аяқтайды. Сонымен қатар 806 шәкірт негізгі мектепті 9 сыныпты, 438 жас түлек 11 сыныпты бітіреді.
2023-2024 оқу жылының аяқталуына орай Сырдария аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков арнайы брифинг өткізді. Брифингте бөлім басшысы аудандағы мектептердің сапалы интернетке қосылу көрсеткішіне, оқу жылындағы жетістіктерге, ҰБТ-ның маңызды кезеңі мен соңғы қоңырау, аттестат тапсыру кешін өткізудегі бірқатар шектеулерге және өзгерістерге тоқталды.
Оқу жылының қорытындысы бойынша ауданда сапалы интернет көрсеткіші төрт есеге артты. Орта білім беру ұйымдарын жылдам және тұрақты интернетпен қамтамасыз ету үшін нақты жұмыстар атқарылды.
Білім бөлімі қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту, желілік қамтуды кеңейту, деректерді беру жылдамдығын арттыру және Аманкелді, Іңкәрдария секілді шалғай ауылдарды жоғары және тұрақты интернеттің қолжетімділігімен қамтамасыз ету үшін Starlink спутниктік интернет желісіне қосылуды жоспарлауда.
Бөлім басшысының айтуынша, 2023-2024 оқу жылы аудан үшін айтарлықтай жетістіктерге толы болды. Халықаралық ғылыми жобалар байқауында №139 орта мектептің оқушысы жүлделі І орын иеленді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша президенттік, республикалық олимпиада және ғылыми жоба байқауының қорытынды кезеңіне 6 оқушы қатысып, 4 оқушы жүлделі орын еншіледі. Олар – №35 мектеп-лицей, №36 мектеп-лицей оқушылары. Ал алғаш рет өткізілген ауыл мектептерінің оқушыларына арналған олимпиаданың республикалық кезеңіне 6 оқушы қатысып, №42 мектеп-лицей, №36 мектеп-лицей, №210 орта мектептің оқушылары жүлделі орындарға ие болды.
Бөлім басшысы педагогтердің мәртебесін арттыру бағытында тиісті жұмыстар жалғасып жатқанын тілге тиек етті. 2023 жылдан бастап аудандық кәсіподақпен бірлесіп 3 кезеңнен тұратын пән мұғалімдері арасында кәсіби байқаулар ұйымдастырылуда. Бас жүлде алған ұстазға Алматы қаласында орналасқан санаторийге жолдама беріледі. Байқау биылғы жылы қазақ тілі, география, биология пәні мұғалімдері арасында өткізілді. Сонымен бірге, мектептерді қолдау, ынталандыру бағытында негізгі көрсеткіштер бойынша рейтинг жұмыстары жүргізіледі. Жоғары нәтиже көрсеткен мектептерге 1 млн теңге көлемінде сыйақы беріледі. Атап өту қажет, былтыр №42, №131 мектептер үздіктер қатарынан көрінді.
Өздеріңізге белгілі, ҰБТ-ны түлектер мемлекеттік грантқа оқуға түсу үшін 16 мамырдан бастап 5 шілдеге дейін тапсыратын болады. Сырдария ауданының түлектері Қызылорда қаласында орналасқан тестілеу пунктінде тапсырады.
Сондай-ақ барлық білім беру ұйымдарының басшыларына білім бөлімі тарапынан, мектеп бітіруші түлектердің ата-аналарымен сәнді киім-кешекке жұмсалатын шығындардың орынсыздығы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуге, мерекелік дастарқандарды ұйымдастыруға, жалға берілетін автокөліктерді пайдалана отырып, қалада, қала сыртында экскурсиялар өткізуге жол бермеу жөнінде қатаң түрде тапсырылғаны хабарланды.
Жалпы, оқу жылын сапалы аяқтау және балалардың қауіпсіздік іс-шараларын үйлестіру білім бөлімінің тұрақты бақылауына алынғанын еске салды брифингте бөлім басшысы.
Бибісара ЖАНӘЛІ