"Жойылып кету қаупі тұр": Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жағдайы ғалымдарды алаңдатып отыр

297
Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жойылу қаупі алдында тұр. Дала сәулет өнерінің қайталанбас туындысының қазіргі кейіпі қорқынышты күйге түскен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.
ясауи кесене 2022

Бұл жағдай ғалымдарды да алаңдатып отыр. Олар тарихи мұраны сақтап қалу үшін шұғыл шара қолдану керек екенін айтады.

"Бұл мәселе бірнеше жыл бұрын пайда болды, алайда қазір өте өзекті болып тұр. Ғимараттың құрылысында ылғал мен тұздар неғұрлым көп болса, соғұрлым құлау қаупі де артады. Тұз, мысалы, қабырғалар мен төбелерді ішкі жағынан тоттандырады және осылайша кез келген ғимаратты бұзуы мүмкін. Егер мәселе назардан тыс қалып қалса, болашақта кесененің құлауы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз", - дейді "Әзірет-Сұлтан" қорық-музейінің директоры Мәулен Садықбек.


Бірақ ылғалдың қайдан пайда болғанын ешкім білмейді. Кейбір ғалымдар барлығы жер асты суларының жиналуынан деп болжайды. Тек мұқият жүргізілген зерттеу ғана ылғалдың көзін таба алады.


"Ылғалдылық деңгейін және оның қайдан келіп жатқанын білу үшін кесененің бойына арнайы құрылғылар орнату қажет. Тек осылай мәселенің шешімін тауып, тарихи мұраны сақтап қалуға болады. Сонымен қоса бір реттік процедура емес, жүйелі жұмыс жүргізіп, нысанды тұрақты бақылауға алу қажет", - деп жалғады Мәулен Садықбек.


Осы жылдың басында кесенеге ЮНЕСКО-ның арнайы делегациясы келді. Ғалымдар туристік аймақта басталған ауқымды құрылыс жұмыстарына алаңдаушылық білдірген. Егер бұл тарихи ескерткіштің сыртқы келбетіне нұқсан келтіргені анықталса, ол Дүниежүзілік мұра тізімінен шығарылып, жойылып кету қаупі бар нысандар санатына жатқызылады.


"Кесененің солтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы аумақтарды саябақ аймағы үшін бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл жобалар аясында жүргізілетін тұрақты суару жұмыстарына қатысты сұрақтар туындайды. Жасыл алқаптарды суару жүйесі заманауи нормалар мен талаптарға сай әзірленгенін айта кеткен жөн. Бұдан бөлек өсімдіктердің тамыр жүйесі ылғалды реттегіштің бір түрі болып табылады және бұл көтерілуі керек тағы бір мәселе", - дейді Орталық Азияны зерттеу халықаралық институтының директоры (Өзбекстан) Дмитрий Воякин.


Мұражай өкілдерінің айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі бұл жағдайдан хабардар. Айдың соңында кесененің жай-күйін тексеру үшін Түркістанға шетелдік мамандарды шақыру жоспарланып отырғанын жеткізді.