Бірнеше көлік лайға батып қалды – әкімдік мән-жайды түсіндірді

1 520

Фото: Видеодан скриншотАлматы облысы Қарасай ауданы әкімдігі Шалқар ауылы тұрғындарының жолдардың ахуалына қатысты шағымына жауап берген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желілерде Болашақ көшесінде көліктердің лайға батып, жүру қиындағанын көрсететін видео тараған. Мұндай жағдай ауылдың өзге көшелерінде де байқалып, тұрғындардың қозғалысын қиындатқан. 

Әкімдіктің хабарлауынша, қазіргі уақытта Жандосов ауылдық округіне қарасты Шалқар ауылында ауызсу жүйесін қайта құру және жаңадан салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл жобаға тапсырысты Қарасай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі берсе, мердігер қызметін «Карат З» ЖШС атқарып жатыр.

Нысанның құрылысы әлі аяқталмаған. Жұмыстар толықтай 2026 жылдың желтоқсан айында бітеді деп жоспарланған. Су құбырларын тарту барысында ауылдың кейбір көшесіндегі жолдарға зақым келген, - делінген хабарламада.

Жергілікті билік мердігер компаниямен арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолдарды құм мен қиыршықтас қоспасымен қалпына келтіруді, жүретін бөлігін техникалық талапқа сай ету керегін ескерткен.

Қазіргі уақытта екі көшеде құм-қиыршықтас төсеу жұмыстары аяқталған. Ал 20- шы ақпаннан бастап мердігер ауылдағы тағы сегіз көшеде жолдарды қалпына келтіру жұмысын бастайды.

Сонымен қатар Шалқар ауылындағы ұзындығы 1,5 шақырым болатын Болашақ көшесіне орташа жөндеу жүргізу үшін техникалық құжаттар дайындалған. Осы құжаттарға сүйене отырып, жөндеу жұмыстарына бюджетке өтініш берілген. Қаржы бөлініп, су құбырын қайта жаңарту аяқталған соң көшеге асфальт төсеу жоспарланып отыр.


OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.