16 жастағы қызды зорлаған 71 жастағы ер адам сотталды
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қоғамды дүр сілкіндірген іске үкім шығарды. Жасы жетпістен асқан тұрғын өзге емес, өз туыс қызын қорлағаны үшін 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Сот барысында ер адам кінәсін мойындамаған. Алайда 16 жасында зорлық көріп, жүкті болған жәбірленушінің баласы сотталушыдан туғаны сот-медициналық сараптамадан соң толық дәлелденген.
Қорланған қыз баланы Астанаға барып босанған. Ұл туған соң араға уақыт салып, ауылына оралған. Бар сұмдық осыдан кейін белгілі болып, жергілікті тұрғындар азғынның отбасымен бірге көшіп кетуін талап еткен. Ақыры қарабет болған отбасы ауылдан іргесін аулақ салып, қаршадай қыздың жас өмірін қор қылған қарт бүгін сотталды.
Ер адам үкімді естігенде эмоцияға ерік беріп, жылағандай кейіп танытқан. Сот бойы өзі зорлаған қыздан кешірім сұрамағанымен, соңғы сөзінде судьядан жеңіл жаза беруді сұраған. Дәурен Мадалиев жасы жетпістен асқан сотталушыға берілген ең жеңіл жаза осы дейді.







