Әйелдің ішкиімін киіп, балаларын ұрған ер адам ата-ана құқығынан айырылды
Петропавлда туған балаларына күн көрсетпей, әйелін қатыгездікпен ұрып-соғып, жүре алмайтын деңгейге дейін жеткізген ер адам ата-ана құқығынан айырылған- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Сот шешіміне сәйкес, ол енді өз балаларына жақындай алмайды. Іс барысында балалардың анасына қатысты да осындай шара қолданылған.
Былтыр күзде көпбалалы ана күйеуінен көрген қорлығын айтып, өзіне және бес баласына көмек сұраған. Әйелдің айтуынша, кейінгі бес жыл бойы зорлық-зомбылық көріп, соққы салдарынан денсаулығына айтарлықтай зиян келген. Осы жағдайдан кейін ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалып, ол бес тәулікке қамауға алынған.
Кейін қаладағы білім бөлімі ата-аналардың бала тәрбиесіне салғырт қарағанын анықтап, істі сотқа жолдады. Облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сот үш ай бойы материалдарды қарап, балаларды ата-анасынан бөлек орналастыру туралы шешім шығарды. Тергеу барысында ананың да балаларды қараусыз қалдырғаны белгілі болған.
Қазір бес бала балаларды қолдау орталығына орналастырылған. Мамандар олардың жағдайы тұрақты, көңіл-күйі жақсы екенін айтқан.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Тараптар оны апелляциялық тәртіппен қайта қарауға құқылы.







