11 жастағы қыз аяғынан айырылды
Телефонға алаңдаған жүргізушінің салғырттығы 11 жастағы Мадинаның тағдырын өзгертті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Informburo.kz ақпараттық сайтына сілтеме жасап.
Жантүршігерлік жол апаты салдарынан бүлдіршін бір аяғынан айырылып, мүгедек болып қалған. Анасы сот шешімі орындалмай отырғанын айтып, әділдік іздейді. Оқиға Шымкент іргесіндегі Ақтас ауылы маңында болған. Toyota көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, жолаушылар мінген "Газельге" соғылған. Салдарынан бір әйел қаза тауып, бірнеше адам жарақат алған. Сол көлікте анасы Жанар Түйгеновамен бірге Мадина да болған. Апаттан кейін дәрігерлер бастапқыда "жағдайы тұрақты" деп сендірген. Кінәлі жүргізуші де қызды аяққа тұрғызуға уәде беріп, кешірім сұраған. Алайда уақыт өте келе Мадинаның жағдайы нашарлап, аяғына ампутация жасауға тура келген. Сот шешімі бойынша кінәлі азамат 28 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелген. Бірақ "жұмыссызбын" деген сылтаумен бүгінге дейін қаражат өндірілмеген. Анасы прокуратураға жүгінгенімен, нәтиже жоқ екенін айтқан.
Халықтың көмегімен Мадинаға Үндістанда ота жасалған. Қазір жалғызбасты ана қызын оңалту үшін қайтадан қаржы іздеп жүр. Бүлдіршіннің арманы - протез тағып, мектепке оралу. Жанар Түйгенова қыздың психологиялық жағдайы да ауыр екенін айтқан. Оның сөзінше, Мадина бірнеше рет өзіне қол жұмсау туралы айтқан. Бір сәттік салғырттық бүтін бір баланың өмірін өзгертіп жіберген. Анасының тілегі - сот шешімі толық орындалып, әділдік орнауы.







