Сот шешімімен әкімдіктен 83 миллион теңге өндіріп алынды
Шымкент қаласында мемлекет мұқтажы үшін алынған жер учаскесіне қатысты дау сотта қаралып, мүлік иесінің құқығы қорғалған,- деп хабарлайды opennews.kz ақпарат агенттігі stan.kz порталына сілтеме жасап.
Сот шешімімен жергілікті атқарушы орган талап қоюшыға тиесілі жер телімінің нарықтық құны көлемінде 83 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттелген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында қала тұрғынының жергілікті атқарушы органдарға мемлекет мұқтажы үшін алынған жер учаскесіне өтемақы құнын төлеуді міндеттеу туралы талап қоюы қаралған. Істі қарау кезінде талап қоюшы жалпы алаңы 0,1900 га жер учаскесінің меншік иесі.
Әрі қарай Шымкент қаласы әкімдігі аталған жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін сатып алып, мәжбүрлеп иеліктен шығару бойынша басқа іс-әрекеттер жасамаған. Бұған қарамастан, әкімдіктің қабылдаған қаулысы негізінде талап қоюшыға тиесілі жер учаскесі алынып, қазіргі таңда көпшілік пайдаланатын автомобиль жолы түскен. Алайда талап қоюшыға одан алынған жер учаскесінің құны өтелмеген.
Сонымен қатар соттың жеке ұйғарымымен жоғарыда анықталған заңдылықтың бұзылған жағдайлары бойынша Шымкент қаласы әкімінің назарына жеткізілген.
Себебі мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруға жататын жер учаскесін алу және өтемақы төлеу құзыретті мемлекеттік органымен жүргізілуі қажет. Алайда талап қоюшыдан 2020 жылы, яғни 5 жыл бұрын алынған жер учаскесіне қатысты мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару процедурасы осы күнге дейін жүргізілмеген. Осылайша талап қоюшының жер учаскесіне қатысты меншік құқықтары бұзылған және талап қоюды қанағаттандыру арқылы қалпына келтірілген. Шешім және жеке ұйғарым заңды күшіне енді.







