Екі шенеунікке 73 840 теңгеден айыппұл салынды
БҚО-да Ақжайық ауданының әкімі мен «Ақжайық ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ-нің басшысына әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіштен айыппұл салынды, - деп хабарлады "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Батыс Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, азамат төтенше жағдай кезеңінде су тасқыны салдарынан 16 бас жылқыларынан айрылған. Кейін, сол өлген жылқылардың материалдық шығынын өтеу жөнінде көмек сұрап өтінішхатпен келесі мекемелерге жүгінген.
Ақжайық ауданының әкіміне, Ақжайық ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне облыс әкімдігіне.
Азамат мекеме қызметкерлерінің жауабымен келіспей, Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына әкімшілік талап қоюмен жүгінген.
Алайда, жауапкерлер талап қоюға дәлелді пікірлерін және соттың сұратқан әкімшілік іс құжаттарын белгіленген мерзімге жолдамаған. Соның салдарынан іс бойынша алдын ала тыңдау кейінге қалдырылған.
Бұндай жағдайда, сот талаптарын орындамауына байланысты Ақжайық ауданының әкіміне және «Ақжайық ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ-нің басшысына әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 73 840 теңгеден ақшалай өндіріп алу қолданылды.