Жаңақорғанда инфрақұрылым жүргізу ісі қарқынды жүргізілуде
Жаңақорған кентіндегі тұрғындар санының өсуі жер кезегі мен тұрғын үйге деген сұранысты арттыратыны заңдылық. Міне, осы мақсатта кент төңірегінде бірнеше аймаққа инфрақұрылым жүргізу ісі қарқынды жүргізілуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Жасыратыны жоқ, біздің аудан өңірде халық өсімі жөнінен соңғы он жылда көштің алдын бермей келеді. Кент тұрғындарының саны 40 мыңнан асқалы қашан. Жас отау құрғандар қатары да еселеніп келеді. Әрине, бұл қуанарлық жағдай. Кент келбеті күн сайын жаңарып, жаңғырып, әлеуметтің әлеуеті артып келеді. Бірақ баспана салуға мемлекеттен берілетін 10 соттық, тегін жердің жайы жыр болып тұр. Осы мәселе төңірегінде тағы бір талқылап талдау жасап көрдік.
Ақиқатында, Жаңақорған ауданының барлық саласында серпін бар, өндіріс өркендеп келеді. Алайда жалдамалы пәтер мен тұрғын үйдің бағасы аспандап тұр. Әрбір шаңырақ баспаналы болуды армандайды. Бұл үшін тегін жер берілсе деген тілек бар. Осы тақырыпты зерделеу кезінде мынандай заңдылықты көзіміз шалды. Мемлекеттен берілетін жер кезегіне тіркелген кісі электронды түрде тізімді бақылай алады. Мұны республикалық бақылауда тұрған сайт деуге негіз бар. Тақырыпты тарқату үшін аудандық жер қатынастары бөлімінің есігін қақтық. Заңдылыққа сүйенсек, ҚР Жер Кодексінің 50-бабына сәйкес Қазақстан азаматтарына жеке тұрғын үй құрылысы үшiн – 0,10 гектар жер тегін беріледі. Ал ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар ел азаматтарына жеке меншікке тегін беріледі. Ол үшін әкімдікке арнайы өтініш жазып, жер кезекке тұра аласыз. Жұмысбасты адамдар онлайн өтініш жаза алады.
Жаңақорған кенті бойынша 2023 жылы 856 адам тіркеліп, кезек қатары 9854 адамға жетті. Биыл қаңтар айында 199 адам, ақпанда 126 адам өтініш берген. Бас-аяғы қазір 10 710 адам жер кезегі тізілімін қалыптастырды. Бұл бұрын-соңды ел тарихында болмаған үлкен көрсеткіш. Әрі кенттің өзінде осынша адам тұрғын үй жеріне мұқтаж деу де қисынсыз. Кезекте тіркеліп тұрғандардың біразы өмірден озған болса, енді бірі көшіп кеткені расталған.
Жер қатынастары бөлімі құжат тапсыру жұмыстары жөнінде де нақтылап берді. Жаңақорғандықтар асыға күтіп жүрген “Саяжай 2” мөлтек ауданы құрылысының жай-күйі қалай? Бұл бойынша аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінен жауап іздедік. Бөлімнің сектор меңгерушісі Шыңғыс Маханұлы болашақ мөлтек аудандардың географиясымен таныстырып, бірнеше жұмыстың жоспарын сөз етті.
Саяжай 2 мөлтек ауданының инфрақұрылымы 2021 жылы жеке тұрғын үйге арналған жер учаскесімен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған еді. Бүгінде басты жобасы дайын, мемлекеттік бюджеттен қолдау күтіп тұр. Нақтырақ айтсақ, Жаңақорған кентінде Саяжай 2 аумағынан 300 гектар учаскеге егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын (ПДП) әзірлеуге аудандық бюджеттен 24903,301 мың теңге қаржы бөлінді. Жаңақорған кентінің Саяжай-2 мөлтек ауданына нақты көлемі 300 гектар болатын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы (ПДП) жасалды.
Бұл егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында Саяжай-2 мөлтек ауданынан жеке тұрғын үй құрылысына арналған 1597 жер учаскесі, 180 орындық балабақша, 1100 орындық орта мектеп, май құю станциясы салу жоспарда бар. Сонымен қатар бұл аумақтағы жолдар мен көшелердің ұзындығы – 52 шақырым, ауыз су құбырының ұзындығы – 48,3 шақырым, кәріз жүйесінің ұзындығы – 19,9 шақырым, газбен жабдықтау желісінің ұзындығы – 51,8 шақырымды құрайды. 10 дана газ тарату пункті, бір дана автоматты газ тарату пункті салынуы мүмкін.
Келешекте түсетін Саяжай 2 мөлтек ауданының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымымен қамтамасыз етуге арналған құжат дайын. Биыл құжат толық жасалынып мақұлданса, келер жылы құрылысына қаражат бөлініп қалар деген үміт мамандарда. Егер қаражат жоғарыдан толық шешілсе, бір жылдың ішінде шағын ауданның шырайы кірмек. Яғни, 1600-ға жуық кезегін күткен тұрғын жер алып, баспана қазығын түзбек. Бұл жобамен 2016 жылдан бастап кезекке тіркелгендердің өтінішін толық қамтиды деген сөз. Мүмкіндік болса 2017 жылды да еңсеріп қаламыз деген үміт бар.
Айтпақшы, кенттің қала статусын алуға мүмкіндігі молая бастады. Халық саны жеткілікті, жер көлемі де талапқа сай. Болашақта 4 мөлтек ауданға қоныстана бастасақ, қай қаладан кем боламыз?! Жібек жолының торабында құшағын кеңге жайған Жаңақорған кентінің сәулеті де дәулеті де тасып, көп назарын өзіне қарата бастады.
Саяжайдың жоғары жағынан Саяжай 2 орын тепсе, Қаратау, Қаратау 2, Қаратау 3 жаңа қонысы Ипподром аймағының жоғары бөлігінен бұйырмақ. Мұнда ұзыннан ұзақ Шалқия кенішінің теміржолы жатыр. Кенттің байырғы бас жобасында кент осы маңнан бітетін еді. Енді бас жобаға бірнеше өзгерістер енуіне байланысты бірнеше аймаққа ұлғайды. Жасыратыны жоқ, мұнда басты мәселе – жол. Орталықпен байланысуына кедергі болып тұрған теміржол бойынан арнайы жол өткелдерін салмаса, халықтың қозғалысын қиындататын секілді.
Ал екінші мәселе, қоқыс қалдықтарын төгетін арнайы орынның орналасуы да қоныстанушыларға басты мәселе болуы ықтимал. Сондықтан бұл полигонды көшіру ісі де оңай шаруа емес. Үшінші мәселе, орта ғасырлық тарихы тереңде жатқан Ордакенттің орналасуы да қазақы сенім-нанымға керағар. Ал, Ызғар мөлтек ауданының ашылуы орташа есеппен он-он бес жылдың еншісіндегі дүние секілді. бұл аймақ орман шаруашылығы бөліміне қарасты жер болғандықтан мемлекет меншігіне қайтару ісі де ұзаққа созылары даусыз. Осы маңдағы Кеңес дәуірінен келе жатқан 24 разъезд пен 25 разъезд тұрғындары кентке қосылатынына қуанышты.
Шағын шаруақожалық иесі Сырбай Әбдірұлы:
Әр қазақстандыққа мемлекеттен берілетін тегін 10 сотық жердің жыры өте өзекті тақырыпқа айналды. Бұл сауал қазір аудан тұрғындарын да көбірек мазалап жүр. Оның себебі де түсінікті, жылдан жылға жер кезегіне тіркелушілер саны артып, ал ие болғандар саны мандымай отыр. Жылына кем дегенде мыңға жуық тұрғын жер кезекке өтініш білдіреді екен. Бала-шағаның несібесіне әйтеуір бір алармыз деген үмітпен жүргендер көп.
Нақты мәліметке сүйенсек, жер кезегін сарыла күтіп жүрген тұрғындардың алды 8 жылдан астам уақыт әкімдікке үмітпен қарап отыр. 2015 жылдың аяғында тіркелгендерге кезек келіп тұр дейді жауаптылар. Біз алдымен кент әкімдігінің есігін қақтық. Біздің қолымызға тиген мәліметтерге жүгінсек, 2022-2023 жыл аралығында жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелері туралы ақпаратта 2015 жылы кезектілк санында 546 адам деп көрсетілсе, алғандар саны 470-ке жеткен. Тек 76 тіркелуші ғана қалыпты. Олар толық қол жеткізсе, 2016 жылы тіркелгендерге кезек келеді. Оның да ауылы алыс емес деп есептейік.
Кент қызметкерлері мәліметті аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімі толықтырады деді. Жалпы жеке тұрғын үй құрылысы үшін Жаңақорған кенті және ауылдық округ әкімінің шешімдерімен жер учаскесін алған тұлғалармен жалға беру туралы 647, сатып алу арқылы 173 келісім-шарт жасалған екен. Бұл атқарылған жұмыстарға берілген нақты факт.
Ал, кезегіңізді білгіңіз келсе электронды түрде көре аласыз. Иә, қазір құжаттың басым бөлігі электронды жүйеге көшті. Ол үшін тиісті мекеме немесе кент есігін сығалап жүрмейсіз. Бір сәт заңдылықты зерделеп көрейік. Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, қазақстандық азаматқа жер тегін берілуі тиіс. Әрине, мақсаты мен мөлшері де бекітілген. Атап айтқанда, ауылдық жерлерде жеке қосалқы шаруашылықты жандандырғысы келгендер суарылмайтын жерлерден – 0,25 га және суармалы жерлерден 0,15 га ала алады. Бұл ретте үй және егістік алқаптары берілмейді. Дегенмен бұл жерде де шикілік жоқ емес. Бұл тақырыпта аудан заңгерлері мен блогерлер үлкен мәселе көтеріп жүр. Оған кейінірек тоқталармыз. Заң бойынша қазақстандықтардың құқығын талдап алайық. Одан кейін ақысыз ала алатын 0,10 га жер жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге беріледі. Көгалдандыру, саяжай құрылысы үшін 0,12 га алуға құқылысыз. Бұл – әр қазақстандықтың алуға толықтай құқығы бар жер телімі. Бір қарағанда, заң бойынша бекітіліп, осы мемлекеттің азаматтарына қамқорлық жасалып, ескерілгені қуанышты. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып, қазақстандықтар бас-басына үй салып, шаруашылығын дөңгелетпей ме деп ойлап қалуыңыз заңды. Дегенмен барлық мәселе заңды құқығына басымдық беріп, жер алуға кезекке тұрғанда басталады. Басқа мақсаттарды емес, жеке тұрғын үй құрылысы мысалын қарастырып көрсек. 10 сотық жерге жайлы баспана салуға әбден болады. Әрі басында үйі бар-жоғына қарамастан, кез келген адам иелене алатыны заңда жазылған. Тіпті отбасыңызда бұрын-соңды 0,10 га жер алған адам болса да, сіз жеке тұлға ретінде өз теліміңізді талап ете аласыз.
Әлбетте, бір адамға бір рет қана беріледі. Ауданға қайта оралайық. Жер берілмей жатуының басты себебі жердің жоқтығы дейді құзырлы мекемелер. Әкімдік те, жерге жауапты бөлім де «Саяжай-1» мөлтекауданы инфрақұрылымын күтіп отырмыз дейді. Сол үшін құрылыс бөліміне телміріп отырған жайы бар.
Аудандық, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне де бардық. Саяжайдың қашан ашылатыны жөнінде сауал тастадық. Бізге бас маман Шыңғыс Маханов жауап берді:
Жер кезегінің жылжымау сыры инфрақұрылымның тиянақталмауында. Егер бұл іс жүзеге асса жобамен 2015, 2016, 2017 жылы кезекке тұрғандар толық қамтылады деген сөз. Мүмкіндік болса 2018 жылды да еңсеріп тастауы кәдік. Ендеше, биылғы жылдан үміт күтейік. Ең бастысы, жер кезегінің жылжуы қаржыға келіп тіреліп тұр. Іс түйінін жоғары орындардың шешімі тарқатады.
Ашығын айтсақ, жер үлестіру жұмысында көзге көрінбейтін, алайда ауқымды астары бар мәселелер адымды тұсайды. Әр аймаққа қомақты қаражат бөлу жұмысы да ортақ қазандыққа едәуір салмақ салатыны анық. Қаржы қарекеттің мәселесін шешіп, жүйелі жоспармен инфрақұрылымды игерсек, кезек күткен көпшіліктің қарасы азаяр еді. Біздің ұққанымыз, жаңа қоныстың халыққа жайлы болуы жан-жақты зерделеніп қана қоймай, қарыс қадам жердің тағдыры таразылануы тиіс. Қысқасы, кенттің даму динамикасы оңтүстік батысқа қарай бет алуда. Жері шұрайлы, қонысқа жайлы жерлерді игерудің бас жоспарында әлі де шешілуге тиісті мәселелер жоқ емес.
Мақпал МАРҚАБАЙ