Абай күні – руханият мерекесі
Қазақ танымын Абайша түсініп, Абайша тәпсірлеген кім бар? Тұғырлы пайымынан тұлғалық болмыс аңқыған оның әрбір мұрасы – сырлы сөз, көркем өнердің көмбесі. Бүгінгіге қалған бар меже сол мұрадан тін тартып, ақын айтқысы келген ойды заман тілімен жеткізу, жас буынның жадында қалдыру екені даусыз. Осы мақсатта 10 тамыз ел көлемінде мерекелік дата – Абай күні болып бекітіліп, жыл сайын тағылымды шаралар жалғасын табуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Сыр бойы" газетінің сайтына сілтеме жасап.
Биыл да аймақта атаулы дата жоғары деңгейде өтті. Жыл басынан аймақта Абай күнін атап өту үшін 200-ден астам танымдық жиын ұйымдастырылып, ақынның ән-жыры Сыр елінің аспанында қалықтады. Соның бір дәлелі – «Анаға тағзым» орталығында өткен «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ…» атты облыстық байқауы.
Мұнда көркемсөз оқу шеберлігі мен ән айту өнерін қатар игерген аймақ жастары бақ сынасып, хакім Абайдың мұраларын насихаттауға үлес қосты. Қатысушылар интеллектуалды қабілетін, шығармашылық икемін көрсету арқылы жүзден жүйрік екенін білдірді десек болатындай. Себебі жарысқа атсалысқан әрбір үміткер бір-бірінен асыра ән шырқап, мәнеріне келтіре өлең оқуға құлшынғанын көрдік.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Қаюпов қатысушылардың сахна мәдениетін, тыңғылықты дайындығын жоғары бағалап, жобаның мән-маңызына тоқталды.
Тақырыптық үйлесімді сақтау үшін сайыс үш кезеңге бөлінген. Алғашқы кезеңде қатысушылар ақынның білім-ғылым, өнер тақырыбына өрілген өлеңі мен қара сөзін жатқа соқса, келесі кезеңде «Абай жолы» романынан үзінді оқыды. Ал соңғы кезеңде Абай әндерін орындап, күміс көмей әншілердің «екінші тынысы» ашылды.
Байқағанымыз, бұл байқау бұрынғысынан өзге. Әсіресе, жарыс талабына ақынның ән мұрасын міндет етуі жан-жақты ізденісті білдірсе керек. Олай дейтініміз, өскелең ұрпақ Абайды тек көркем сөз өкілі ретінде ғана танитыны жасырын емес. Ал оның композиторлық қыры тасада қалып, ән өнерінің жауһарына айналған шығармалары көп жарыққа шықпауда. Олқылықты ескерген ұйымдастырушылар қатысушыларға тыңғылықты дайындалуға мұрша берген. Мұндай талапқа үміткерлер де әзір. Олай болмай қайтсін, барлық дерлік өнерпаз – аудандардағы мәдениет үйлерінің қызметкерлері, өнер өкілі.
Жалпы, Абай мектебі – руханияттың кәусар бұлағы! Оның тағылымын таныған кісі кемел келешекке бет бұратыны ақиқат. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық» дейді данышпан. Демек, біз Абайдың жарық, нұрлы әлемімен сусындаған сайын, ғылым, білімге ұмтылып, өнер үйренеміз. Ондай адамның болашағы бұлыңғыр тартпасы хақ", – деді Арал аудандық мәдениет үйінің қызметкері Абылайхан Бектасов.
Айта кетейік, байқау бірнеше күнге созылды. Шараның қорытынды кеші 10 тамыз күніне белгіленіп, байқау жеңімпаздары марапатталды. Қазылар алқасының шешіміне сәйкес, III орынды Қызылорда қаласының кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Айжан Болатқызы иеленсе, II орын қазалылық Нұрқожа Тілекке бұйырды. Ал I орынды жаңақорғандық Шәкәрім Ибадулла, бас жүлдені сырдариялық Аяулым Бекболатова еншіледі.
Байқаудың қорытынды шарасына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысушыларға бағалы сыйлықтар табыстап, жеңімпаздарды құттықтады.
Ерсін ШАМШАДИН