"1 жасар баланың өңешінде отадан кейін мақтаны ұмытып кеткен": Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны дәрігерлердің салғырттығына шағымданды

315

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны 1 жасар баласына "Ана мен бала" орталығында ота жасалғанын айтады. Отадан кейін баланың өңешінде мақтаны алуды ұмытып кеткен. Салдарынан баласының миына ауа жетпей, жағдайы нашарлаған соң жансақтау бөліміне жатқызылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Aibat жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

әйел

Жақ сүйегі дамымай туған Жантөреге 8 айлығында Германиядан арнайы құрылғы алдырып, ота жасалған. Бірінші ота сәтті өтіп, жақ сүйегі бекіген. Бес айдан кейін құрылғыны алып тастау үшін екінші рет ота жасалыпты. 
Баланың жақындары ота жеңіл болады дегендіктен, күдіктенбегенін айтады. Алайда Жантөренің жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне жатқызылған. Анасының сөзінше, дәрігер отадан кейін өңешінде мақтаны ұмытып кеткен. Бұл туралы әйелге аурухананың анастезиологы айтқан көрінеді. 

"Жансақтау бөлімінің меңгерушісі де дәрігерлердің кінәсі екенін айтты, бірақ мұны жасырып қалған. Демалыс күні баланы әдейі менің жаныма әкеп тастаған", – деді баланың анасы Арайлым Қайрат. 

Ота Назарбаев университетіне қарасты "Ана мен бала" Ұлттық ғылыми орталығында жасалған. Мекеме басшылығы дәрігердің 15 жылдық өтілі бар білікті маман екенін алға тартты. Айтуынша, ота кезінде мақта қолданылмайды. Ал баланың анасы мұны дұрыс түсінбеген. 

"Мақта адамның ішінде қалмайды, себебі мақтаны еш уақытта ота кезінде пайдаланбайды. Тексеріс нәтижесі шыққанша дәрігер жұмыс істемейді. Ал баланың жансақтау бөліміне жатқызылуы оның жағдайына байланысты емес", – деп мәлімдеді "Ана мен бала" орталығы директорының орынбасары Венера Алтынова


Енді Арайлым Қайрат Бас прокуратура мен Денсаулық сақтау министрлігіне арыз жазбақшы. Қазір істің мән-жайын анықтау мақсатында тексеріс жүріп жатыр. Қорытындысы бір айдан шығады. Ал бұл уақытта баланың жағдайы нашарлауы мүмкін деген ана авиациямен шетелдік ауруханаға жеткізсін деген талап қойып отыр.