Депутат такси жүргізушілерінің мәртебесін заңдастыруды ұсынды
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Қазақстанда "такси жүргізушісі" деген ресми ұғымды енгізіп, такси жүргізушілерінің мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін заңмен бекітуді ұсынды. Осыған байланысты ол Көлік министріне депутаттық сауал жолдады. , - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бүгінде елімізде жолаушы тасымалдау саласында 500 мыңнан астам такси жүргізушісі жұмыс істейді. Алайда бұл ресми емес деректер. Себебі сервистер жүргізушілер туралы нақты ақпарат ұсынбайды, дегенмен олар "күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды".
Депутаттың айтуынша, қолданыстағы заңдарда әлі күнге дейін заманауи сервистердің жұмысын толық көрсете алмайтын кеңестік кезеңнен қалған ескі терминдер бар. Әр сапарда жолаушылар мен жүргізушілердің денсаулығы тиісті деңгейде қорғалмай отыр.
Ол Қазақстанда "такси жүргізушісі" деген нақты анықтама жоқ екенін, кімнің не үшін жауап беретінінің, жүргізуші мен таксопарктің құқықтары мен міндеттерінің айқындалмағанын атап өтті. Соның салдарынан такси жүргізушілері әлеуметтік тұрғыда қорғалмай отыр.
Сондай-ақ, депутат күнделікті медициналық тексеруден өту талабы формальды сипатқа ие болып, іс жүзінде орындалмайтынын айтты.
Елнұр Бейсенбаев депутаттық сауалында мыналарды ұсынды:
- агрегаторларды әрбір сапар үшін жолаушылар мен жүргізушілердің өмірі мен денсаулығын сақтандыруға міндеттеу;
- "такси жүргізушісі" деген ресми анықтама енгізіп, олардың мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін заңмен бекіту; жүргізушінің тапсырысты өзі орындауын және ең төменгі санитарлық талаптарды сақтауын міндеттеу;
- формальды күнделікті тексерудің орнына тұрақты медициналық тексерулер жүргізіп, бақылауды Денсаулық сақтау министрлігінің жүйелері арқылы автоматтандыру;
- жолаушыларды сапардың нақты құны туралы хабардар ету, жылдамдық пен маршрутты бақылау, жүргізуші мен көлік деректерін мемлекеттік дерекқорлар арқылы тексеру.







