Қызылордада әйелін балталап тастаған мұғалім 15 жылға сотталды
Қызылорда облысында әйелін балталап тастаған мұғалімге сот үкімі шықты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Айыпталушы кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Балтамен басынан және денесінен бірнеше рет соққы алған бес баланың анасы бұгінде мүгедек болып қалды. Оқиға осыдан үш ай бұрын Бала би ауылында орын алған болатын. Тергеудің мәліметінше, таңғы сағат төрт шамасында бөлмеде шырт ұйқыда жатқан әйелді күйеуі балталап тастаған. Педагог өткір құралдың жүзімен жұбайының басын, иығын және қолын шапқан. Сөйтіп өзі сыртқа шығып кеткен екен. Ал шошып оянған қызы қан-жоса болған анасын көріп, дереу көмек шақырған. Оқиға орнына шұғыл жеткен жедел жәрдем қызметкерлері 42 жастағы жәбірленушіні аман алып қалды. Ал ер адамның қылмысы сотта толық дәлелденді.
Сотталушы “Адам өлтіруге оқталу” бабы бойынша жазасын өтейді. Прокурордың айтуынша, отбасындағы сұмдық жағдай ерлі-зайыптылардың бір-бірін түсінісе алмауынан болған. Үкімді онлайн тыңдаған жәбірленуші күйеуіне берілген жазамен келісті. Ал 21 жыл бойы биология пәнінің мұғалімі болған сотталушының туыстары бұл жазамен келіспейтінін жасырмады.
Балтаның ауыр соққысынан мүгедек болып қалған әйел жұбайымен 11 жыл бұрын шаңырақ көтерген екен. Екеуі бес бала тәрбиелеп келген.







