Ауыл мұғалімі боранда қалған жүргізушілерге жол көрсетті
Ауыл мұғалімі жолда тұрып қалған көліктерге жол көрсетіп, 4 шақырым жаяу жүрген,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Мария Бедринаның мамандығы – мұғалім, жергілікті мектептердің бірінде математика және информатика пәнінен сабақ берген. Оның батылдығы жерлестерін тәнті етіп отыр.
Керекуде бірнеше күн қатарынан соғып тұрған ақ түтек боран талай жолаушының сапарын бөгеп, жол қозғалысын қиындатты. Осындай сын сағаттарда жол бойында тұрып қалған көліктерге көмекке келіп, ат құлағы көрінбейтін боранда жол көрсеткен Мария Бедринаның әрекетін көпшілік ерлікке балап отыр. Ол Ақсу мен Павлодар қалалары арасындағы автожолда тұрып қалған көліктердің алдына шығып, төрт шақырым бойы жаяу жүріп отырған. Соның нәтижесінде барлық жолаушы Павлодар қаласының іргесіндегі Атамекен кентіне аман-есен жеткен. Мария Николаевнаның жұртты сүйсінткен бұл ісі қазір әлеуметтік желіде тарап жатыр.







