Елде көші-қон заңнамасын бұзған 7 мыңнан астам құқық бұзушы тіркелді

1 512

Фото: ©polisia.kzҚазақстанда «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, республика көлемінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алу мақсатында жүргізілген шара барысында 7 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді. Олардың ішінде 4,1 мың шетел азаматы елде болу қағидаларын бұзғаны үшін, 2,7 мың шетел азаматы заңсыз еңбек қызметімен айналысқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Сонымен қатар 2,2 мың қазақстандық пен заңды тұлға шетелдіктер туралы полицияны хабардар етпегені үшін жауапқа тартылып, 500-ден астам жұмыс беруші заңсыз еңбек пайдаланғаны үшін жазаланған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 200 млн теңгеден асты.

Көші-қон заңнамасын бұзған 1,5 мың шетел азаматының елде болу мерзімі қысқартылып, 1,2 мың адамды елден шығару туралы сот шешімі қабылданды. 121 шетел азаматы мәжбүрлі түрде елден шығарылып, олардың 8-і деструктивті-радикалды ағым өкілдері болып шықты. Барлық азаматқа Қазақстанға 5 жылға кіруге тыйым салынды. Шара барысында 24 қылмыстық іс қозғалды: 9 іс - мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту, 9 іс - заңсыз көші-қонды ұйымдастыру, 6 іс - шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту бойынша. ІІМ талдауынша, заң бұзуға көбіне Қазақстан азаматтары себепші болып отыр, негізгі себеп - заңсыз әрі тез пайда табуға ұмтылу.

Шымкент қаласында, Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту деректері тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 395-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар бір өңірде Қазақстан азаматы жалған құжаттар арқылы шетелдіктерді заңдастырғаны анықталып, 394-бап бойынша тергеу жүргізілуде. Іздеуде жүрген 22 шетел азаматы ұсталды, олардың ішінде Алматы қаласы мен Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстарында көрші мемлекеттер іздестірген қылмысқа қатысы бар тұлғалар бар.

Құқық қорғау органдары көші-қон заңнамасының бұзылуын анықтау және алдын алу бойынша жұмыстарын жалғастырып жатыр.