Күйеуін өлтірді деп айыпталған әйел ақталды
Кеше 17 жылға жуық отасқан күйеуін пышақтап өлтірді деп айыпталған Алматы облысының тұрғынын сот ақтап шығарғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бесінші баласына жүкті әйелдің күйеуін не себепті өлтіргені, бұған дейін отбасында қандай жағдайлар болғаны және соттың оны неге ақтағаны қоғамның назарын аударды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиғаға қатысты марқұмның туыстары мен әйелдің жақындарының уәжі бір-біріне қайшы.
"17 жылда көрмегені жоқ"
Олардың айтуынша, сіңлісін танысқанына он күн болған ауыл тұрғыны алып қашқан. Екеуі де Алматы облысының Шеңгелді ауылында тұрған."Сіңліміз келін болып түскеніне 17 жылға жуықтады. Осы уақытқа дейін не құдалық, не той болған жоқ. Келін болып түскеніне бір жыл өтпей жатып, күйеуі ұрып-соғуды бастады. Енесі де оны мүлдем жақтырмады. Осы жылдар бойы үнемі олардың арасына түсіп отырды", – дейді күйеуін өлтірген әйелдің әпкелері.
"Шашынан жұлып, ұрып жатыр екен..."
Мәдина алып қашқан кезде қалғысы келмей, өз үйіне қайтып келген. Алайда күйеуінің туыстары оны қайта алып кеткен. Бұл 2009 жылы болған.
"Жігіттің тұрмысы нашар болғанына қарамастан, Мәдина сол босағада қалды. 2010 жылы енесінің сіңлісі олардың үйіне келеді. Сол кезде Мәдина бізге: "Мені алып кетіңдерші, олар мені ұрып жатыр", – деп хабарласты. Барып, үйге кірсем, енесінің сіңлісі Мәдинаның шашынан жұлып, ұрып жатыр екен. Әрең ажыратып, ол әйелмен төбелесіп қалдым. Сөйтіп, сіңлімді алып кеттік", – дейді Жұлдыз есімді әпкесі.
Мәдина алты жыл бала көтермеген
Бұл даумен бәрі біте қоймаған. Әпкелерінің айтуынша, күйеуі балдызының тісін сындырып, қайын жұртының терезесін шаққан. Алайда кейін ерлі-зайыпты бір-бірін кешіріп, қайта қосылған.
"Мәдина бес-алты жылдай бала көтермеді. Бұл да енесінің ашуын туғызды. Кейін күйеуі емделіп, Мәдина 2016 жылы тұңғышына жүкті болды. Бірақ бала шала туды. Сол шала туған сәбиді алып қалып, Мәдинаны ақпан айында, аязда далаға қуып шыққан кездері де болды. Сіңліміз талай рет таяқ жеді, тіпті бір жолы көзінің тамырын жарып жіберді", – дейді Гүлжанат есімді әпкесі.
"Көзіне шөп салды"
Мәдинаның әпкелері оның талай рет күйзеліске түскенін де жеткізді.
"Мәдина таяқ жеп, үйіне кетіп қалған кезде күйеуі Шеңгелдіге Қарақалпақстаннан келген әйелмен көңіл қосқан. Күйеу жігіттің әлегі мұнымен де бітпеді. Кейін тағы да екеуі ренжіскенде, менің әріптесіммен көңіл қосып алған", – дейді Гүлжанат.
"Көп жағдайды сотта естідік"
Туыстарының айтуынша, ер адам әйелін қатты қызғанған. Әтір себуге де рұқсат етпей, тіпті хиджаб киюге мәжбүрлеген.
"Күйеу бала намаз оқи бастап, Мәдинаны да күштеп намаз оқытқан. Кейін сіңліміздің денсаулығы нашарлап, намаз оқуды қойды. Мәдинаға қандай қиындық көрсеткенін біз сотта ғана естідік. Негізі, ол үнемі өте ашулы жүретін", – дейді әпкелері.
Ауру жұқтырған
Әпкелерінің айтуынша, Мәдина олар уайымдамасын деп басынан өткен көптеген жағдайды жасырған.
"2014 жылы Мәдина күйеуінен жыныстық жолмен берілетін жұқпалы ауру жұқтырған. Көктөбе жақтағы ауруханада жатып емделген. Оны тек анамыз білген. Сифилиспен ауырып, үш ай емделді. 2017 жылы да осы ауруды күйеуінен қайта жұқтырған. Екеуі анонимді түрде емделген", – дейді әпкелері.
Мәдина күйеуінен бірнеше рет кетіп қалып, қайта оралған. Осылайша төрт бала дүниеге келген, бесіншісіне жүкті болған.
"Күйеуі көзіне шөп салатынын ашық айтқан. Тіпті Мәдинаға: "Әйел ретінде мені қызықтырмайсың", – деген. Күйеуі Қонаевтағы әскери бөлімде байланыс саласында қызмет еткен. Біздің ойымызша, Дәуренге Мәдина мемлекет төлейтін ақша үшін ғана керек болған. Олар осы жұмыстың арқасында үш бөлмелі пәтер алып, көлік мінген. Дәурен Мәдинаны сол үшін ғана ұстаған", – дейді Гүлжанат пен Жұлдыз.
Қылмыс болған күн
Қылмыс 1 мамырда болған. Сол күні де отбасында жанжал шыққан.
"Дәурен Мәдинаға: "Іш киімімді жу", – деген. Ал Маәдина бір күн бұрын күйеуінің тағы да көзіне шөп салғанын біліп, оның іш киімін жумайтынын айтқан. Алты айлық жүкті болатын. Теріс қарап, кір жайып тұрған кезде Дәурен келіп, бар күшімен екі аяғының арасынан тепкен. Мәдина алысып жүріп, далаға қашып шыққан", – дейді әйелдің туыстары.
Ешкім көмекке келмеген
Мәдина жанұшыра жүгіріп, туысқан абысынына барған. 102-ге қоңырау шалуды өтінген. Алайда абысыны да, оның 15 жастағы қызы да полиция шақырмаған. Мәдина қайын ағасын оятуды сұраған, бірақ абысыны оның өтінішіне құлақ аспаған.
Мәдина екінші көршісіне барып, көмек сұраған. Алайда ол көршісі де жүкті әйелдің сөзін тыңдамаған. Амалы қалмаған келіншек сол үйден ас үй пышағын жасырын алып шыққан.
"Мәдина балалары үшін қорыққан. Өйткені күйеуі өзін ғана емес, балаларын да ұратын болған. Ең үлкен ұлы әкесінен қатты қорыққан. Оны көрсе, дірілдеп кететін. Үйіне қорқа кіріп, "Дәурен, мені ұрасың ба?" деп сұраған. Дәурен "ұрам" деп диваннан тұра бергенде, Мәдина оның жүрек тұсына пышақ сұққан", – дейді әпкелері.
Әбден зәресі ұшқан әйел жедел жәрдем мен полицияға өзі хабарласқан.
"Жеңгем талай рет кетіп қалған"
"Дәурен менің жалғыз ағам, арамыз – 12 жас. Менің сегіз жасымда Мәдина келін болып түсті. Арасында отбасылық жанжал болатын. Жеңгем талай рет кетіп қалып, талай рет қайтып келді. Араларында алты жыл бала болмады. Бірақ ағам жеңгемді тастаған жоқ. Менің өз ойым, жеңгем өте қызғаншақ болатын. Адамды орынсыз қызғанатын. Өз басым жеңгеммен ешқашан жанжалдасқан емеспін. Ата-анама тіл қайтарса да, жеңгеме қарсы сөз айтқан емеспін", – дейді марқұм Дәуреннің қарындасы Ардақ Әмірқұлова.
"Ағамды өлтірді"
"Әйел адам ретінде жаным ашиды, бірақ ол ағамды өлтірді" деген Ардақ жеңгесін кешірмейтінін айтты.
"Адамды өлтіру немесе өлтірмеу деген таңдау Мәдинаның қолында болды. Пышақпен үйге кіргенде ағам оған тиіскен жоқ. Төсекте ұйықтауға жиналып жатқан. Мәдина кіріп келіп: "Саған сұғамын", – деген. Ағам: "Сұқсаң, сұқ", – деген. Бір ғана пышақ соққысы жүрегіне дәл тиген. Ол аффект жағдайында болмаған. Тергеу кезінде Мәдинаның психикалық ауытқуы болмағаны анықталды", – дейді марқұмның қарындасы.
"Ақкөңіл, ашық-жарқын еді"
Дәуреннің туыстары Мәдина кетем десе, оны ешкім ұстамағанын айтады. Ал марқұмның жақындары оны ақкөңіл әрі мейірімді адам болған деп сипаттады.
"Ешкімнен көмек сұрамайтын, ашық-жарқын адам еді. Ауылға барып, кез келген адамнан сұрасаңыз болады. Ал ағамның жұқпалы аурумен ауырғаны туралы нақты дәлел жоқ. Өлген адамның артынан бәрін айта беруге болады", – дейді Ардақ.
"Мен тойдым деді..."
Ағасының басқа әйелдермен көңіл қосқаны туралы сұраққа Ардақ былай жауап берді:
"Ағамның екі рет үйленбек болғанын естіген жоқпын. Бірақ екі жыл бұрын жеңгем бес айға кетіп қалғанда, ағам маған: "Мен Макодан тойдым, бірге тұрғым келмейді. Басқа әйел алғым келеді", – деді. Бірақ анам Дәуреннің ажырасам дегеніне көнбеді, өйткені немерелерін қимады", – дейді Ардақ Әмірқұлова.
Марқұмның туыстары сот үкімімен келіспейтінін айтты. Олардың пікірінше, адам өлімі жазасыз қалмауы керек. Осыған байланысты апелляциялық шағым түсірмек.
Үкім шыққан кезде марқұмның туыстары алқабилерге және бұрынғы келіндерінің туыстарына ашу-ызасын білдірген. Оқиға орнына тіпті полиция шақыруға тура келген.







